Теміржолдың темірдей қатаң тәртібі бар. Әр істің өзіне тән қиындығы бар десек, кейбір салада білектің күші мен төзімділік қажет болады. Біздің нәзік жандылар отбасындағы өзіне тиесілі жауапкершілікпен қатар, ауыр жұмыстың да жүгін арқалай алатын күшке ие. BAQ.KZ тілшісі теміржол саласында табанды еңбек етіп келе жатқан Саламат Дүттібаеваны сөзге тартты.
Жаны нәзік бола тұра табиғатына сай келмейтін, яғни нәзік емес саланы меңгеріп, жемісті жұмыс істей алатындарын қажырлы еңбегімен дәлелдеп келе жатқан қыз-келіншектер ортамызда аз емес. Солардың бірі – теміржолшы Саламат Дүттібаева.
Саламат Дүттібаева 1990 жылдан бері теміржол саласында еңбек етіп, бүгінде майталман маманға айналған. Ол бұл стансаға келгенде он сегіз жаста бар қиындықты жеңетініне әбден көзі жеткенін айтады.
Темір жол саласында еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл салада еңбек еткеніме биыл отыз бес жыл болады. Алғашқы еңбек жолымды осы теміржол жүк тасымалдау мекемесінде бекет кезекшісі болып бастадым. Осы жылдар ішінде ұжыммен бірге таңның атысы, күннің батысына қарамай еңбек еттік. Алдымызда еңбек еткен аға буыннан көп нәрсе үйрендік. Қандай қиындық кездессе де, жеңіп шығуға тырыстық. Шүкір, бала-шаға, немерелерім бар. Төккен тер текке кеткен жоқ. Әлі де болса, жас ұрпақты еңбекке баулуға қал-қадірімізше үлгі танытып келеміз. Біздің ұжым өте ұйымшыл. Бәрі де осы жердің адамдары. Теміржол өткелдерінде пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін жіті қадағалау - басты міндет. Себебі, рельстен бір вагонның доңғалағы тайып кетсе-ақ, пойыз составы апатқа ұшырауы ықтимал. Сондықтан пойыздар қауіпсіздігін сақтауда тек теміржолшылар ғана емес, бүкіл жұртшылық қырағылық танытуы тиіс, - дейді ол.
Саламат Дүттібаеваның Аса темір жол бекетінде жүк қабылдаушы маманы болып, бір орында қалтқысыз еңбек етіп келе жатқанына биыл 34 жыл болыпты. Айына он екі тәулік кезекшілікке түсетін оның жұмысының 80 пайызы далада өтеді. Күннің ыстығы, жауын-шашын мен суығына қарамастан өз қызметін адал атқаратын жанның еңбегі ерен екеніне ешкімнің таласы жоқ. Сіз бен біз қалың ұйқыда жатқанда пойызбен жеткен жүктерді қабылдайтын маманның жұмысы оңай деуге келмейді.
Темір жол саласында еңбек етіп келе жатқаныма 34 жылдан асты. Әр саланың өз қиындығы болады. Әсіресе, темір жол саласы – қиындығы көп, күрделі сала. Соған мойымай еңбек ету керек. Қыстың қарлы бораны мен жаздың ыстық күндерінде жұмыс екі есе болады. Күндіз-түні тынбай еңбек етеміз. Вагондарға тиелген әр жүкке жауапты боламыз. Оны кешіктірмей өз уақытында тиеп алу, қауіпсіздігіне жауап беру – біздің міндетіміз. Яғни, аманат арқалаймыз, – дейді кейіпкеріміз.
Түзде вагонға тиелген жүкке жауапты болса, үйде отбасының ұйытқысына, ауызбіршілігіне жауап ты ана осы темір жолдың жағасында тұрып, кіш кен тай күнінен бұл салаға қызыққанын, ақыры арма ны адастырмай жүрегі қалаған іске әкелгенін айтады.
Разъездге тоқтамағанда зулап бара жатқан пойыздан секіріп түсіп қалушы едік. Қайран жастық десейші. Бала кезімнен осы салаға түсуді армандадым. Өйткені, менің балалық шағым шойын жолдың бойында өтті. Өткен-кеткен пойыздарға қарап, қиялдап кететінмін. Әкем де бала кезімізде «Темір жолда болашақ бар. Осы салада еңбек етіңдер» деп айтушы еді. Біз бақытымызды теміржолдан таптық. Әкеміз салған жолменен білім алдық, жұмысқа да орналастық. Қызметтік жолда жүріп, өмірлік жарыммен де таныстым. Менің таңдауыма жолдасым, ұл-қыздарым еш қарсылық білдірген емес. Негізінде олардың қарсылық танытуына әбден болады. Олай деуіме негіз бар, бұл сала уақытпен санаспайды. Өте ауыр жұмыс қатарына жатқызар едім. Негізінде 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істеу әйел адамға ауыр. Ер адамға жүктелген міндет біздің де мойнымызға артылады. Қызмет ер, әйел деп бөлінбейді. Баршамызға қойылар талап бір. Сондықтан қай істе де өзіме тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысамын. Өзіміз жас маман кезімізде тәжірибелі мамандардан тәлім-тәрбие алдық. Бүгінде сол кісілерден ойға түйгендерімізді, білгенімізді жастарға үйретіп, солардың өсіп-өнгеніне атсалысып жүрміз. Себебі менің бұл салаға келгеніме отыз жылдан асты. Мұнда босаңсуға болмайды. Себебі адам тағдырынан қымбат жауапкершілік жоқ. Жол бойының майы қалай жұқса, наны да солай сіңімді болады екен. Сондықтан да балаларыма қай істе де жауапкершілікпен адал еңбек еткенде ғана абыройлы боласыңдар деп айтып отырамын. –дейді Саламат Дүттібаева.
Саналы ғұмырын теміржол саласының дамуына сүбелі үлес қосуға арнаған қайсар жанның ұл-қызы да теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп өсті. Сондықтан анадан бастау алған кәсіпті бүгінде балалары да қызығушылық білдіруде. Осылайша, жұмысқа өте тиянақты, жауапкершілігі жоғары маман әріптестері арасында да сый-құрметке бөленуде. Бүгінде экономиканың күре тамыры саналатын теміржолдағы еңбегі көпке өнеге. Саланың сапасы мен ел экономикасына қосар үлесін жыл санап арттыру – елдің негізгі жоспары. Өз өмірін осы мамандыққа берік байланыстырған кәнігі теміржолшының ғибратты ғұмырының мәні де осында болса керек.
Адам екі таңдауда қателеспеу керек дейді ғой. Мен өз таңдауымды дұрыс жасаған адамдардың қатарындамын. Өз мамандығымды мақтаныш көремін. Маған ұнайды, ауыр техникамен жұмыс істеген. Әр адамның жаратылысы әрқалай болады ғой. Кейбір адамдар кабинетте отырған ұнайды дегендей. Біз бір кабинетте отыра алмаймыз-ау. Өйткені, қарбалас, күннің ыстығы, суығына қарамай еңбек ету ол біріншіден қызық әрі денсаулыққа да пайдалы деп білемін. Жастарға үнемі осы саланы насихаттап отырамын. Өйткені, менің әкем айтқандай, бұл сала ешқашан өшпейді. Өйткені шойын жол – ел экономикасының күретамыры. Отыз бес жылда салада көптеген оң өзгерістер орын алды. Ол біздің жұмысымызды жеңілдетті. Соған сәйкес темір жол саласына келетін мамандардың да саны артқанын көріп, қуанып қаламыз. Адамның жақсы адам болуы адал еңбек пен тиянақты тірлігінде. Өз ісін жақсы әрі адал атқаратын маман қай жерде болса да сұранысқа ие екеніне өзімнің көзім жетті. Және осы ұғым менің өмірлік ұраным десем де болады, – деп өз сөзін түйіндеді бүгінгі еңбек адамы Саламат Дүттібаева.