Темір жолда болатын оқиғаның 14 пайыздан астамы суицидтік жағдай

30 Қыркүйек 2021, 21:55
2771
Бөлісу:
Темір жолда болатын оқиғаның 14 пайыздан астамы суицидтік жағдай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Статистика бойынша жыл сайын теміржолда жаяу адамдарды басып кетудің 50-ден астам жағдайы орын алады. Қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – зардап шеккендердің жеке қауіпсіздік ережелерін сақтамауы және ұқыпсыздығы.

Азаматтар темір жолдардың рұқсат етілмеген жерлерінен өтуге тырысады. Локомотив бригадаларының шеберлігі мен кәсібилігінің арқасында 90% жағдайларда адамдарды қағып кетуге жол берілмейді.

Сағатына 60-80 шақырым жылдамдықпен жүретін 6 мың тонналық пойызды бірден тоқтату мүмкін емес. Салмағы 200 тоннадан асатын локомотивке 600-800 метрлік тежеу жолы қажет болады, - деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы директорының орынбасары Бақытбек Алдажаров.

Зардап шеккен әрбір бесінші адам мас болған. Биылғы тіркелген барлық жағдайдың 14% суицидтік сипатқа ие. Теміржол инфрақұрылымы нысандарына жақындағанда адамдар құлаққаптарын алып тастауды ұмытып кетеді. Сондықтан да жақындап қалған пойыз дыбысын және локомотив бригадасының соққан дабылын естімейді. Зардап шеккендердің шамамен 3% құлаққаппен музыка тыңдаған. Жасөспірімдер әлеуметтік желілерге арналған селфи мен түрлі бейнелерді түсіру кезінде теміржолда жарақат алады. Кейде олар өміріне қауіп төнсе де, ең қауіпті жерлерді таңдайды. Темір жолдағы тағы бір қауіп – 27 мың вольтты жоғары электр кернеуіне түсу. Ойын-сауық іздеп балалар вагондардың төбесіне көтеріліп, онда олар өлімге әкелетін жарақат алуы мүмкін.

Теміржолдағы жазатайым оқиғалар қоғамға үлкен зиян келтіреді. Біріншіден, бұл адам шығындарының орны толмас сипаты. Еліміздің барлық өңірлерінде біз тұрғындар арасында, көбінесе білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргіземіз. Темір жолдағы жүріс-тұрыс ережелері бойынша жадынамалар шығарылады. Олар теміржол серуендеу, балаларға арналған көңіл көтеру, селфи түсіру үшін арналмағандығын ескертеді. Жазатайым оқиғаның құрбаны болмау үшін әр адам темір жол көлігіндегі қауіпсіздік ережелерін білуі және сақтауы тиіс, - деп атап кетті Бақытбек Алдажаров.

Темір жолдарын тек белгіленген жерлер мен жабдықталған орындардан ғана, онда да жақындап келе жатқан пойыздың жоқтығына немесе өткелдегі белгі беру құралының рұқсат беретін белгісіне көз жеткізіп барып өтуге болады. Азаматтар темір жолдағы тәртіп ережелерін мүлтіксіз сақтап қана қоймай, өзгелерге, ең алдымен балаларға ескерту жасауы тиіс.

Теміржолшылар магистральдық жолдар арқылы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу жарақаттануды азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде.

Өзгелердің жаңалығы