Орал гарнизонының әскери прокуратурасы оқытушылардың еңбек құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орал гарнизонының әскери прокуратурасы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің әскери кафедрасының қызметін тексерді.
Тексеру кезінде оқытушылардың жалақы мөлшері еңбек заңнамасының талаптарына қайшы белгіленгені еңбек ақы төлеудің теңсіздігіне әкеп соққаны анықталды.
Қадағалау актісі негізінде еңбек ақы жүйесі заңнамаға және қызметкерлердің лауазымдық міндеттеріне сәйкес келтірілді. Оқытушылардың жалақысы орта есеппен 150–200 мың теңгеге көбейтілді. Қабылданған шаралар оқытушылардың Конституциямен кепілдік берілген еңбек құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді, - деп хабарлады Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылы педагогтардың жалақысын көтеру мүмкіндігіне қатысты түсініктеме берген болатын.