Текелі туристер қаласына айналады

31 Мамыр 2021, 09:23
5979
Бөлісу:
Текелі туристер қаласына айналады
Мақала PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысындағы Текелі моноқаласының басшылығы туризм саласын дамытуға көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта қалада Смарт сити технологиясы енгізіліп, туристік ХАБ құрылмақ. 

Қала маңында Черкасай, Солдатсай және Қора шатқалдары бар. Оның үстіне Орталық Азиядағы ең үлкен сарқыраманың бірі Бұрхан бұлақ сарқырамасы да осында.

Текелі туристер қаласына айналады

Жақында «Jetisy media» ақпараттық орталығы мен «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен пресс-тур аясында Текелі қаласында болып, ондағы туризм саласы бойынша қолға алынған жобалармен таныстық.

Табиғаты көркем Текелі қаласы Талдықорған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым қашықта жатыр. Қала Текелі өзенінің сол жағалауында, Жетісу Алатауының батыс сілемдері шатқалының бірінде, теңіз деңгейінен 950-1600 м биіктікте орналасқан.

Қала маңында Черкасай, Солдатсай және Қора шатқалдары бар. Қора шатқалына кіре берісте Будда тасы орналасқан, одан әрі шатқалдың бойымен 50 км жерде Орталық Азиядағы ең үлкен сарқырамалардың бірі Бұрхан бұлақ сарқырамасы бар.

Туристер қала маңындағы әсем табиғатты тамашалау үшін бұл мекенге бұрыннан келіп тұрады. Дегенмен қала басшылығы туристер санын арттыру үшін оларға қолайлы жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қазір жұмыс істеп жатыр. Үш жыл бұрын қала ішіндегі биік жота басына Көктөбе бақылау алаңы жасалған. Бұл төбеге қала тұрғындары мен қонақтары баспалдақ арқылы көтеріліп, суретке түседі және ол жерден қаланы тамашалай алады. 

Текелі туристер қаласына айналады

Текелі ішінен Қора және Шажа өзені ағып өтеді, екі өзен қосылып, кейін Қаратал өзеніне барып құяды екен. Текелі моноқаласында 34 мыңнан астам тұрғын бар. 

Әкім Батыр Молдахметов қалада туризмді дамыту жөнінде жоба жасалып, оған 12 млн теңге бөлінгенін айтады. 

Бұл төрт жобаға арналған. Туристер қалаға келісімен осы абаттандырылған жерге барып, туристік бағыттармен танысады және қай жерге барғысы келетінін таңдайды. Ол жерде гид және басқа да ұйымдастырушылар болады. Бұл жобаларды әзірлеуге Алматыдан Urba style компаниясын шақырдық, олар Алматының агломерациясын жасағандар. Мамандар қаланы аралай келе, төрт хаб жасау жөнінде шешім шығарды. Туристер осындағы қонақүйге келіп, қала маңындағы көрікті жерлерді аралау бойынша өз кестесін жасай алады, - дейді әкім. 

Текелі туристер қаласына айналады

Сондай-ақ ол ақылды қала жүйесін енгізуді жоспарлап отырғандарын айтты. Яғни Смарт сити технологиясын енгізе отырып, туристік ХАБ ретінде қарастырмақ. Қаланың кіре берісінде, ортасында туристік нысандар бойынша мағлұмат беретін интерактивті тақталар қойылады. Онда қаладағы қонақүйлер мен демалыс орталықтары және тағы басқа нысандар бойынша ақпарат беріледі.

Бұл қала бойынша тач скрин жүйесі бар интерактивті ақпараттық жабдықты орналастыруды және Бұрхан-бұлақ сарқырамасына дейінгі барлық туристік бағыттар бойынша free Wi-Fi тегін интернетпен қамтамасыз етуді білдіреді. Туризмді дамыту мақсатында қала аумағында 4 учаскені абаттандыруды жобалау басталды. Онда LED-экран, тач скрин функциясы бар интерактивті-ақпараттық жабдық, полицияның модульдік посты, сауда павильондары, аялдама, тұрақ және санитарлық тораптар орнатылады, - дейді Молдахметов.

Текелі туристер қаласына айналады

Алдағы уақытта мұнда парашютпен секіру спорты, тауға өрмелеу, жаяу жүру, велосипедпен жүру, қыста шаңғы тебу, тау-тасты көлікпен аралау сияқты туристерге қызықты спорт түрлері дамытылмақ. Оны ұйымдастыратын компаниялар да қазірден дайын отыр екен. 

Қазір облысқа келген туристерді осында алып келетін маршурут жасау бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Яғни Талдықорғанға келген туристер мұнда да соғып кетуге ыңғайлы маршрутты қарастырып отырмыз. Қаладағы Қонаев көшесі еліміздегі ең ұзын көше деп саналады.  Оның ұзындығы 38 шақырым, кезінде Гиннестер кітабына енген деп те айтады. Осы көшені көріп, жүргісі келетіндер үшін оны абаттандырып, жаяу және велосипедпен жүріп өтуге қолайлы еткелі жатырмыз. Оған қоса электрлі самокат, велосипедпен жүргісі келетіндер оны осы жерде жалға алып, қаланы асықпай аралайтын болады, - дейді әкім. 

Текелі туристер қаласына айналады

Әкім сондай-ақ жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлетіндерін де айтып өтті. Өйткені туристік нысандар салынған соң, ондағы сұраныстың да басқаша болатынын түсініп отыр. Туристерге сапалы қызмет көрсету үшін кәсіпкерлер соған бейімделу керек. Бұл жерде Алматы және шетелде білім алып келген жастардың тәжірибесі мен біліктілігіне арқа сүйемек.  

Қолға алынып жатқан жобаларда туристердің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. Өткен жылы қалаға 50 бейне бақылау камерасы орнатылыпты. Алдағы уақытта адамдар көп жүретін жерге тағы 50 камера орнату жоспарда бар екен. Қаланың екі жерінде полиция бекеті тұр, ол компьютерлік жабдықпен толық жарақтандырылған. Күмәнді адам болса, сол жерде отырып-ақ оны тексере алады. 

Текелі туристер қаласына айналады

Жазғы маусымда қала сыртындағы көрікті жерлерді аралауға күніне 200-300 адам келеді. Туристер, әсіресе, көрші Ресей Федерациясынан келеді. Қазір қалада туристерді қабылдайтын жеті қонақүй бар, олардың барлығы Ashyq жүйесіне қосылған, - дейді қала басшысы. 

Бұған дейін таулы жерде халықаралық деңгейде мото жарыстар ұйымдастырылып келген екен. Табиғаты әсем текелі қаласы Талдықорған, Алматы қалаларына жақын орналасқан әрі жолы да жақсы. Туристер таксимен де, автобуспен де тез жете алады.

Қыста тау шаңғысын дамыту қолға алынбақ. Кәсіпкерлер тау шаңғысы спорты бойынша жоба әзірлеп, оған жер де бөлінген. 

Текелі туристер қаласына айналады

Ондағы шаңғы тебу маршруты Шымбұлақтағыдай болады. Биіктігі төмен болуы мүмкін, бірақ ұзақтағы 14 шақырымдай. Қазір ол жерге электр энергиясын тарту мәселесі шешіліп жатыр. Ол шешілген соң инвесторлар тартылып, кэмпинг, қонақүй және басқа да нысандар бой көтереді, - дейді  Батыр Молдахметов.

Текеліде келешекте Орталық Азия университеті ашылуы мүмкін. Шетелдік Aga Khan Foundation қоры мұнда университет ашу мәселесін бұрыннан көтеріп келе жатыр екен. Оған жер де бөлінген. Қазір бұл мәселе Мәжіліс талқылауына жіберілген. Егер рұқсат берсе, құрылыс жұмыстары бірден басталмақ. 

Текелі туристер қаласына айналады

Университеттің барлық фазасына 1,5 млрд доллар инвестиция қажет. Егер ол іске қосылса, 400 адамды жұмыспен қамтимыз. Қордың штаб пәтері Швейцарияда орналасқан. Олар 2017 жылы Қырғызстанның Нарын қаласында және 2018 жылы Тәжікстанда осындай  университет ашты. Ондағы сабақтардың барлығы ағылшын тілінде өтеді, елімізден және шетелден профессорлар тартылады. Егер салынса, бірінші жылы 150 студент қабылдау жоспарда бар. Негізінен инженерлік іс және бизнес бағытында білім беріледі. Ондағы гранттарды университет өзі бөледі, - дейді қордың Текелідегі өкілдігінің басшысы Қуандық Тілеужанұлы. 

Қазір университетке бөлінген жерге 10 мың ағаш отырғызылып, айналасына абаттандыру жұмысы жүргізілген. 

Өзгелердің жаңалығы