Отандық нарықта 70 жылдан бері іркіліссіз жұмыс істеп келе жатқан «Текелі сүт зауыты» жуырда стакандағы тұзды айран мен дәстрүрлі рецептпен құрт шығара бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сөйтіп зауыттың шығаратын өнім түрлері оннан асты, яғни сары май, сүзбе, қаймақ, майлылығы әртүрлі сүт пен айранның қатары жаңа өнімдермен толықты. Сонымен қатар эксперимент ретінде «Сулугуни» ірімшігін өндіруді де қолға ала бастады. Алдағы уақытта балмұздақ шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметі.
Кәсіпорын директоры Денис Дёнің айтуынша, жазғы маусымда зауыт өңдейтін сүттің көлемі тәулігіне 13 тоннаға жетеді, ал қыста бұл 7 тонна шамасында. Шикізат ретінде «Хильниченко», «Райманов», «СПК» сияқты ірі фермерлік шаруашылықтардан күніне 2 тоннадан 3,5 тоннаға дейін сүт қабылданады. Сол сияқты 100-ге тарта жеке ауладан да сатып алынады. Қабылданатын сүттің бағасы сапасына қарай 160 теңгеден 213 теңгеге дейін. Ол алдымен арнайы зертханада тексеріліп, 3 фильтрден өткізіледі, тек жарамды сүт қана ары қарай пастерлеуге жөнелтіледі.
Дайын өнімдер негізінен Текелі, Талдықорған және Алматы қалаларында саудаланады, сонымен қатар аздаған бөлігі Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында және Көксу ауданының Балпық би ауылында сатылады. Мәселен, өткен жылы бір айда Алматы қаласына Текелі сүт зауытының 3 тонна өнімі өткізілсе, биылғы жылы бір айда сатылған өнім көлемі 5 тоннаға жетіпті.
Кәсіпорынның іргесі 1953 жылы қаланған. Содан бері қандай қиын кезеңдерді бастан кешсе де, тоқтаусыз жұмыс істеді. Отыз жылдық тәжірибесі бар маманның бірі, технолог Валентина Курбак: «Зауытқа 1990 жылдары жұмысқа келдім. Алғашында шебер болып бастадым. Содан бері зауытты сақтап қана қоймай, өнім көлемін арттыруға да қол жеткіздік, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорынымыз жаңғыртудан өтті, - дейді.
2015 жылы зауыт «Өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасының «Даму» бағыты бойынша жеңілдікпен 171 млн. теңге несие алған. Бұл қаржыға заманауи құралдар сатып алынды. Алынған заем қарызынан келесі жылы кәсіпорын толық құтылды.
Сары май өндірісі қашаннан шығыны көп өндіріс саналады, сондықтан біз сары май үшін субсидия аламыз. Өздеріңіз қарасаңыздар, 1 келі май алу үшін 25 литрдей сүт кетеді. Қазір оның 1 кг дайындауға кететін шығын бізде шамамен 5300 теңге. Бұл электр энергиясын тұтыну мен жолға кететін шығындарды қоспағандағы есеп. Ал мемлекеттік қолдаудың көмегімен біз дайын майдың килограмын 4 мың теңгеден сатамыз. Әрине, бұл да арзан емес, бірақ біз өз өнімдеріміздің сапасына зор жауапкершілікппен қараймыз. Біздің майымыз – таза сары май, былайша айтқанда әжелеріміздің ешқандай қоспасыз табиғи жолмен дайындайтын рецептіндегідей дайындалады. Өкінішке қарай Талдықорған қаласындағы сауда дүкендерінде Текелінің майы деп 1600 теңге мен 2000 теңгенің аралығында сапасы төмен майларды саудалайтынын білдік. Сатушылардан неге олай жасайтынын сұрағанда, олар Текелі сүт зауытының майы десек, тауар тез өтеді дейді. Бірақ бұл біздің имиджімізге нұқсан келтіреді. Біз сапасыз өнім шығармаймыз , - дейді Д. Дё.
Директордың мәліметіне қарағанда, өткен жылдан бері зауыт ассортиментті көбейте түскен. Алдын ала жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысында халықтың тұзды айранға деген сұранысы көп екенін анықтаған.
Өнімнің осы түрін шығару үшін қосымша құрылғы сатып алудың қажеті болмады. Тек рецепті таңдауға келгенде біраз ойландық. Алдымен оның бірнеше түрін жасап көрдік. Оған 3 айдай уақыт кетті. Ақыры дәмі неғұрлым үй айранына ұқсас түріне тоқталдық. Жаңа өнімнің құны – 90 теңге. Сол сияқты құрт шығара бастадық. Кәсіпорынға құрт жасауды жақсы меңгерген жергілікті әйелдердің бірін шақырып, ол үй жағдайында құрттың қалай жасалатынын түгелдей көрсетіп берді. Қазір құрт өндіруде ауқымды көлемге шыға қойған жоқпыз, «Аз болса да саз» дегендей, әзірше эксперимент түрінде шығарып жатырмыз. Әзірге дүкендерге әрқайсысында 30 құрт салынған пластик ыдыстарда өткіземіз, - деді зауыт директоры.
Кейінгі жылдары өнімнің сыртқы қаптамасына да көп көңіл бөліне бастады. Дизайнын Алматы қаласындағы жастар ұйымы әзірлеген. Бір қызығы, жастар жұмысты бастамас бұрын Текеліге арнайы келіп, өнімнің сапасына көз жеткізген. Алған жақсы әсерлері оларға дизайн жасауда жаңаша серпін берген сияқты. Соның нәтижесінде зауыт ұжымы бірнеше нұсқаның ішінде қызылды-жасылды түстермен көркемделген, Текелі тауларының шыңы мен сүт тамшыларын әдемі үйлестіре сызған дизайнға тоқталды. Ұжымның «иә», «жоқ» деп дизайн түрлеріне дауыс берген кезде көтерген плакаттары директордың кабинетінде әлі күнге тарих ретінде сақталып тұрған көрінеді.
Жалпы кәсіпорын сұйық өнімдерге арналған финпак пен пластик стакандарды Ресейден сатып алады. Қазір олардың бағасы 2-2,5 есе өскен. Жол тасымалының да шығындары бұрынғыдан едәуір ұлғайды. Сондықтан өнеркәсіптің іргесін одан әрі кеңейту үшін мемлекеттің қолдауы қажет дейді кәсіпорын басшысы.
Қазір зауытта 50 адам жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы – 90 мың теңге. Жұмысшыларға тегін таңғы ас пен түскі ас беріледі.
Біздің өнімдеріміз экологиялық жағынан таз болғандықтан, олардың сақталу мерзімі қысқа. Мәселен, сүт 5 күн, айран 7 күн сақталады. Біз әлі күнге дейін таза айранның ашытқысын пайдаланамыз. Текеліліктердің 90%-ы біздің өнімдерімізді тұтынады десем артық айтқандық емес. Өніміміздің көпшіліктің сұранысына ие болуы ата-бабаларымыздың дайындау тәсілінен алшақ кетпегенімізде шығар, - дейді жас кәсіпкер.