Тек қыздарға арналған автомектептің артықшылықтары қандай?

8 Қараша 2023, 15:44
824
Бөлісу:
Тек қыздарға арналған автомектептің артықшылықтары қандай?
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Алматылық Ұлдана Әділханқызы 36 жасында тек қыз-келіншектерге арналған автомектеп ашқан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, баланы балабақшаға, мектепке апару, азық-түлік алу үшін де көлік – таптырмас құрал.

Тек қыздарға арналған автомектептің артықшылықтары қандай?

Қыздар ғана оқитын автомектеп ашуды бұрыннан армандадым. Бұл мектепті ашудағы басты мақсатым – әйелдердің көлік жүргізгендегі қорқынышын сейілтіп, сенімін арттыру. Қоғамдағы әйелдердің көлік жүргізуіне қатысты қатып қалған стереотипті өзгертуді басты мақсат еттім. Менің ойымша жеңіл көлікті тізгіндеу – қыз-келіншектер үшін қажеттілік және заман талабы деп санаймын. Көлікті тізгіндегеніме 9 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыттың аралығында қызық та қиын сәттерді бастан кешірдім, – дейді маман. 

Ұлдана қоғамда, әсіресе, ерлер арасында қалыптасқан түрлі стереотиптер көлік тізгіндеген әйелдерді көп жағдайда кемсітуге, тіпті түрлі жағымсыз сөздер айтып, буллинг жасауына, мысқылдауына әкеп соқтырып жатқанын айтты. 

Менің мамандығым психолог болғандықтан, мектепке келген әйелдерге көлік жүргізуге байланысты қорқынышты жеңуде көмек береміз. Ер адамдардан гөрі әйелді әйел қолдағаны әлдеқайда тиімді деп санаймын. Себебі оның бойындағы қорқыныш пен үрейді сезіне алады. Оның қолдаушысы әрі құрбысы бола алады. Автомектепті ашарда да психологиялық қолдау әдістемесін негізге алдым. Автомектептің ерекшелігі де осы. Осылайша, әйелдер, қыз-келіншектер еркін, ешқандай стрессіз, қысымсыз көлік айдауды үйрене алады, – дейді Ұлдана Әділханқызы. 

Ұлдана осы уақытқа дейін 200-ден аса қыз-келіншекке көлік жүргізуді үйреткен. Сонымен қатар ол – көлік жүргізуге арналған «Жол әліппесі» методикасының авторы. 

Ерлер табиғатынан көлік жүргізуге өте икемді келеді. Ал әйелдер болса, ережелерді жаттауға, теориялық білім алуға көбірек ұмтылады. Сол себептен қыз-келіншекке көлік жүргізуге арналған «Жол әліппесі» әдістемесін ойлап таптық. Осы әдістеме арқылы 200-ден аса қыз-келіншекке көлік жүргізуді үйреттік. Психологиямен қатар көлік жүргізуді үйретуге машықтанғаныма қуаныштымын. Қазіргі уақытта көлік жүргізу әйелдер үшін қажеттілік деп санаймын, – дейді маман. 

Ұлдана Әділханқызы қазақтың қаракөз қыздары үшін автобуста арба сүйреп, дорба-дорба азық-түлікпен арқаланып жүретін заман артта қалды деген ойда.

Өзгелердің жаңалығы