- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Тек өңірлік ынтымақтастық емес: Омбыдағы форумның Қазақстан үшін маңызы қандай?
Тек өңірлік ынтымақтастық емес: Омбыдағы форумның Қазақстан үшін маңызы қандай?
Форум аясында көтерілген бастамалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемелері Қазақстанның өңірлік саясаттағы ұстанымы мен сыртқы саяси басымдықтарына қатысты сарапшылардың назарын аударды.
26 Шілде 2026, 21:33
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін айқындап, көлік, өнеркәсіп және өңірлік қауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жол ашты. Форум аясында көтерілген бастамалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемелері Қазақстанның өңірлік саясаттағы ұстанымы мен сыртқы саяси басымдықтарына қатысты сарапшылардың назарын аударды.
Президенттік орталықтың аға сарапшысы Ильяс Бақтығалиевтің пікірінше, бүгінгі таңда Қазақстан өңірлік күн тәртібін қалыптастыруда белсенді рөл атқарып, Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және дипломатиялық диалогты нығайтуға бағытталған нақты бастамалар ұсынып келеді.
Сарапшы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жаңа сапалық деңгейі, цифрлық көлік дәлізі, бірлескен өнеркәсіптік жобалар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке дипломатиясының маңызы, сондай-ақ Ресей–Украина қақтығысына қатысты Қазақстанның ұстанымы жөнінде өз бағасын берді.
- Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы жиырма жылдан астам уақыт бойы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі алаңдарының бірі болып келеді. Неліктен дәл қазір оның маңызы бұрынғыдан да арта түсті деп ойлайсыз?
- Форумның маңызының артуы ең алдымен қазіргі жағдайда оның күн тәртібі тек шекара маңындағы сауда немесе мәдени іс-шаралармен ғана шектелмейтіндігімен байланысты.
Бүгінде бұл алаң арқылы мемлекеттік деңгейдегі ірі инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және логистикалық жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік беретін бастамалар көбейіп келеді.
Сонымен қатар, қазіргі сыртқы жағдайдың да ықпалы зор. Ресей сауда және көлік ағындарының едәуір бөлігін шығыс пен оңтүстік бағыттарына қайта бағдарлап жатыр. Ал Қазақстан Еуразиядағы негізгі транзиттік тораптардың бірі ретіндегі орнын нығайтуды көздейді.
Осының нәтижесінде шекаралас өңірлер Ресей, Орталық Азия, Қытай, Каспий өңірі және Оңтүстік Азия елдерін байланыстыратын жаңа көлік дәліздерінің маңызды бөлігіне айналып келеді.
- Форумның пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін құруды, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыттарын дамытуды, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әуе қатынасын жақсартуға арналған «500+» бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Бұл бастамалардың уақытылы әрі өзекті ұсынылғанын қалай бағалайсыз?
- Меніңше, бұл бастамалар өте уақытылы көтерілді. Өйткені бүгінде Еуразиядағы көлік дәліздерінің басты мәселесі тек автомобиль жолдары мен теміржол желілерінің жеткіліксіздігінде емес. Одан бөлек, шекарадағы ұзын-сонар кезектер, ақпараттық жүйелердің өзара үйлеспеуі, жүктерді рәсімдеуге кететін уақыттың ұзақтығы және тасымалды толық цифрлық сүйемелдеудің жоқтығы да маңызды түйткілдер болып отыр.
Президент ұсынған цифрлық көлік дәлізі Қазақстан мен Ресейдің кедендік, логистикалық және бақылау жүйелерін өзара ықпалдастыруға мүмкіндік береді.
Бұл, өз кезегінде, жүк туралы ақпаратпен алдын ала алмасуға, шекарадан өту уақытын қысқартуға және қағаз құжат айналымын едәуір азайтуға жол ашады.
- Президенттердің екіжақты кездесуі барысында бүгінде Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 20 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейтіні, жалпы құны 52 миллиард доллардан асатын 177 бірлескен өнеркәсіптік жобаның портфелі қалыптасқаны, оның ішінде 122 жоба іске асырылғаны айтылды. Осы деректерге сүйене отырып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық сапалық жаңа деңгейге көтерілді деуге бола ма?
- Мұндай тұжырым жасауға негіз бар. Бірақ бұл тек кәсіпорындар санының немесе жобалардың жалпы құнының артуымен ғана байланысты емес.
Меніңше, ең басты өзгеріс – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізінен сауда қатынастарынан бірлескен өндірісті дамыту кезеңіне көшуінде.
Өзіңіз атап өткен 177 жобадан бөлек, 2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша жалпы құны шамамен 22,4 миллиард доллар болатын 122 жоба іске асырылған. Тағы 24 жоба жүзеге асыру сатысында болса, 31 жоба перспективалы бастамалар ретінде қарастырылып жатыр.
Ең маңыздысы – бұл кооперацияның қай салаларда дамып жатқаны. Әңгіме автомобиль жасау, машина жасау, мұнай-газ химиясы, түрлі жабдықтар өндіру, ауыл шаруашылығы техникасын шығару және басқа да өндірістік бағыттар туралы болып отыр. Яғни, Қазақстан аумағында жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары құрылып, өндірістік тізбектер қалыптасуда.
Ресей тарапының 2026 жылғы мамырда жариялаған мәліметіне сәйкес, ресейлік инвесторлардың қатысуымен Қазақстанда 70-ке жуық ірі жоба іске асырылып, олардың нәтижесінде 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
- Форум барысында Президент сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін, ал стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейі туралы бұрын қол қойылған құжаттар алдағы ондаған жылдарға арналған ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастыратынын айтты. Бұл үдерісте Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке дипломатиясының рөлі қандай?
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке дипломатиясы бұл үдерісте, сөзсіз, маңызды рөл атқарады. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста аса сезімтал мәселелер аз емес.
Президент Владимир Путинмен тұрақты түрде тікелей байланыс орнатып келеді. Сонымен қатар ол өзіне тән саяси ұстанымына сай, шамадан тыс эмоцияға немесе идеологиялық риторикаға жол бермей, байыпты әрі прагматикалық дипломатиялық тәсілді ұстанады.
Мұндай мемлекет басшылары деңгейіндегі тікелей диалог туындаған қайшылықтарды жедел талқылап, олардың саяси дағдарысқа ұласуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Дегенмен, бұл үдерістегі жеке қарым-қатынас факторының рөлін де асыра бағаламаған жөн. Өйткені екі ел арасындағы ынтымақтастық ең алдымен өзара стратегиялық мүдделерге, қалыптасқан институционалдық тетіктерге және ұзақ мерзімді мемлекетаралық келісімдерге негізделген.
- Бүгінде Қазақстан өңірлік күн тәртібін қалыптастыруда дербес орталыққа айналып келеді деуге негіз бар ма?
- Иә, бүгінде Қазақстанды, ең алдымен, Орталық Азиядағы өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға өзіндік үлес қосып отырған дербес орталықтардың бірі деуге болады.
Еліміз көлік, энергетика, су қауіпсіздігі, цифрландыру және өңірлік дипломатия бағыттарында өз бастамаларын белсенді түрде ұсынып келеді.
Мәселен, Қазақстан бір мезгілде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытып, Қытаймен ынтымақтастықты кеңейтіп, «Солтүстік – Оңтүстік» жобаларына қатысып, Ресеймен өнеркәсіптік кооперацияны сақтап отыр. Сонымен қатар Парсы шығанағы елдерімен және Оңтүстік Азия мемлекеттерімен байланыстарын нығайтуға ұмтылуда.
Сонымен бірге, Қазақстанды әзірге ресурстық әлеуеті жағынан Ресей немесе Қытаймен тең дәрежедегі геосаяси күш орталығы деп айтуға келмейді. Дегенмен елдің өңірлік бастамалар ұсынып, түрлі бағыттағы ынтымақтастықты үйлестіре алуы оның халықаралық аренадағы рөлінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
- Владимир Путинмен өткен жеке кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтату және «Стамбұл формуласы 2.0» аясындағы келіссөздерге қайта оралу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл ұстаным Қазақстанның сыртқы саяси бағытына қаншалықты сәйкес келеді?
- Бұл ұстаным, жалпы алғанда, Қазақстанның дәстүрлі сыртқы саяси бағытына сәйкес келеді.
Қазақстан қақтығысты әскери жолмен емес, дипломатиялық тәсілмен реттеуді, келіссөздер жүргізуді қолдап келеді. Сонымен қатар еліміз БҰҰ Жарғысының қағидаттарын, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын және дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаларын дәйекті түрде қолдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығысты уақытша тоқтатып, жаңартылған «Стамбұл формуласы 2.0» аясындағы келіссөздерге қайта оралу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, 2022 жылғы келіссөздер барысында тараптар бірқатар мәселелер бойынша ұстанымдарын едәуір жақындата алған. Сондай-ақ ықтимал реттеу үдерісі ірі державалардың кепілдіктерімен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.
Меніңше, бұл ұсыныстың мәні қақтығысты уақытша тоқтатуды түпкілікті бейбіт келісім ретінде қарастыру емес. Негізгі мақсат – алдымен қарулы іс-қимылдарды тоқтатып, содан кейін жан-жақты саяси келісімге қол жеткізу жөніндегі келіссөздерге көшу.
Ең оқылған:
- АҚШ барлауы Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысына қатысты мәлімдеме жасады
- Тоқаев Омбыға барды: Қазақстан–Ресей форумында қандай мәселелер талқыланады?
- Ақмола облысында 18 жастағы жігітті тоқ соғып, көз жұмды
- Қазақстан мен Ресей президенттеріне сауда және логистика саласындағы цифрлық жобалар таныстырылды
- Қазақстан мен Ресей шекаралық туризм мен әуе қатынасын дамытуды көздейді