«Tалап» коммерциялық емес АҚ хабарлауынша, биыл Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бойынша жылдың соңына дейін 9 000 қызметкер біліктілікті арттыру курсынан өтеді, деп жазады BAQ.KZ.
Оның ішінде 321 колледж басшысы мен 900-ге жуық орынбасарлары білім берудегі менеджмент, колледждің оқу-өндірістік процесінің сапасын басқарудың инновациялық стилі бойынша оқытылады.
Әдіскерлердің қызметін жетілдіру мен педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға ерекше назар аударылып, арнайы бағдарлама әзірленді. Бұл бағдарлама бойынша 400 колледж әдіскері мен 7 400 арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері оқытылады.
Бұл біліктілікті арттыру курсының ерекшелігі әр тыңдаушы өз мамандығын тереңірек зерттеуі үшін профильдер бойынша топтасады және белгілі бір салалар бойынша жетекші бағыттарды бірге талқылайды. Сонымен қатар теориялық және практикалық бағдарламалардың бірігуіне байланысты оқу процесін тиімді пайдаланады, - дейді педагогикалық шеберлік орталығының басшысы Дина Түменбаева.
Қазіргі күні еліміздің 18 аймағында оқыту басталды. Маусым айының 12 – 23 аралығында 1200 арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері біліктілігін арттырады.