Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады.
Бұл Қазақстанның Иранға соңғы 5 айдағы екінші сауда-экономикалық миссиясы.
Қазақстандық бизнесті тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, IT-индустрия, металл прокаты және т. б. салаларда жұмыс істейтін 15 өндіруші компания таныстырды. Атап айтқанда, Иран бизнесімен келіссөздерге ет, ұн өнімдерін өндірушілер, жұмыртқа, макарон өнімдерін, балмұздақ, өсімдік майы мен жарма өндірушілер қатысты.
Сондай-ақ химиялық өнімдер, болат сымдар мен арқандар, металл бөшкелер, телекоммуникациялық жабдықтар мен модем өндірушілер де бар.
Қазақстандық бизнестің Иранға сауда-экономикалық миссиясын ұйымдастырушы – «QazTrade» АҚ экспортты қолдау мен дамытудың бірыңғай операторы.
Сауда-экономикалық миссияны ашқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Иран Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
Біз Қазақстан-Иран екіжақты сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі дамыту мен тереңдетуге, әсіресе елдеріміз арасындағы сауданы дамытуға үлкен мән береміз, – деді Бақыт Сұлтанов.
Ол елдеріміздің өзара сауданы ұлғайтуда айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті.
Бұл ретте қазақстандық компаниялар Иранға металлургия саласын, тамақ, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарын қоса алғанда, $162,3 млн сомасына бірқатар салалардың өңделген тауарларының экспортын арттыруға дайын.
Б. Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы пайдалануға берілгеннен кейін өнім экспортының көлемі 5 есе өсті, бұл ретте ауыстырып тиеу мүмкіндігі шамамен 10 млн тонна жүкті құрайды.
Бүгінгі таңда осы бағыт арқылы Иранның Ресей және Қытай нарықтарына шығу, өз кезегінде біздің елдің – Парсы шығанағының барлық мемлекеттеріне шығу мүмкіндігі бар. Бірыңғай қолайлы тарифтік саясатты жүргізу Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағыты бойынша жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді және тұтастай алғанда елдеріміздің транзиттік-көлік секторының дамуына оң әсер етеді. Сондықтан бүгінгі біздің міндетіміз осы бағытты жүктеу, – деді Бақыт Сұлтанов Тегерандағы сауда-экономикалық миссияға қатысушыларға.
Сауда-экономикалық миссиясы шеңберінде қазақстандық бизнес Иранның салалық қауымдастықтарымен (электрондық жабдықтар, Өнеркәсіптік және құрылыс материалдарын өндірушілер қауымдастығы, металлургия өнеркәсібі қауымдастығы, ет және ет өнімдерін өндірушілер қауымдастығы, Тамақ өнімдері қауымдастығы) кездесті.
Сондай-ақ Иранның ірі ритейлерлерінің бірі Hyper Star-дың (француздық трансұлттық ритейлер Carrefour компаниясының ирандық еншілес компаниясы) жұмысымен танысты.
В2В келіссөздердің қорытындысы бойынша қазақстандық және ирандық компаниялар $14 млн сомасына бірнеше келісім жасасты.
Атап айтқанда, Иранға ет, ұн, балмұздақ, өсімдік майын жеткізуге арналған келісімшарттарға қол қойылды.
Сондай-ақ QazTrade АҚ мен Trade Promotion Organisation of Iran арасында тауар айналымын $100 млн-ға арттыруға өзара ниет туралы меморандумға қол қойылды.