Тегеран Сауд Арабиясының мұнай нысандарына соққы жасау шарты туралы мәлімдеді

Тегеран АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелерінен қорықпайтынын атап өтті.

 pixabay Бүгiн 2026, 05:33
Бүгiн 2026, 05:33
171
Фото: pixabay

Иранның мұнай инфрақұрылымына жасалған кез келген шабуыл Сауд Арабиясының энергетикалық нысандарына соққымен жауап қайтарылады. Бұл туралы Ислам республикасының вице-президенті Исмаил Секаб Исфахани мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ «Анадолу» агенттігіне сілтеме жасап.

Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Исфахани Вашингтонның Иранның мұнай нысандарына қайтадан соққы беру қаупіне пікір білдірді. Ол бұл туралы Тегерандағы Исламшехр ауданында өткен акцияда айтты. Бұл жерде тұрғындар күн сайын АҚШ пен Израильге қарсы наразылық шараларын өткізеді.

Ол Тегеран АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелерінен қорықпайтынын атап өтті.

Біздің мақсаттарымыз айқын. Біз жауап беру сатысын құрдық: төменгі деңгейі – “көзге көз, тіске тіс”, жоғарғысы – “басынан соғу”. Егер біздің мұнай ұңғымаларымыздың біреуі зақымданса, Сауд Арабиясының бір мұнай нысаны да нысанаға алынады. Сондықтан Трамптың мәлімдемелерінен қорқудың қажеті жоқ. Қажетті әрі барабар жауап беріледі, – деді ол.

Исфахани сондай-ақ Тегеран мұнай экспорттай алмаса, Таяу Шығыс өңірінен мұнай экспорттауға жол бермейтінін ескертті.

Егер біз бір баррель де мұнай экспорттай алмасақ, онда өңірде бірде-бір баррель мұнай экспортталмайды. Егер қарсыластың ақымақтығынан біздің бір де бір отандасымыз электр қуатына қол жеткізе алмаса, онда өңірде тұратын он адам электр энергиясынан айырылады, – деп келтіреді Иран вице-президентінің сөзін ел үкіметінің ресми порталы.

Бұған дейін Трамп Иран АҚШ талаптарын орындаудан бас тартқан жағдайда, елдің азаматтық инфрақұрылымына, оның ішінде энергетикалық нысандарына соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен болатын.

 

Наверх