Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2027 жылы жаңа 20 000 теңгелік банкнота айналымға енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сүлейменовтің айтуынша, жаңа купюраның дизайны әзірленіп қойған. Алайда банкноталарды шығару және банк жүйесін, соның ішінде банкоматтарды бейімдеу белгілі бір уақытты талап етеді.
Сондықтан жаңа 20 мың теңгелік банкнота келесі жылы ғана айналымға енгізіледі. Бұрынғы үлгідегі купюра дәстүр бойынша біраз уақыт қатар қолданыста болып, кейін біртіндеп айналымнан шығарылады.
Қолма-қол ақша айналымы – күрделі процесс. Сол себепті жаңа банкнота келесі жылы пайда болады. Осыдан кейін купюралар қатары толық жаңартылады, – деді Ұлттық банк төрағасы брифингте.
Сонымен қатар, журналистер монеталарды да жаңарту жоспары бар-жоғын сұрады. Сүлейменов бұл бағытта әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты.
«Сақ стилі» сериясындағы бұған дейін 5 000 және 10 000 теңгелік купюралар шыққан еді.
Сондай-ақ Ұлттық банк жазда долларға сұраныс дәстүрлі түрде өсетінін мәлімдеп, бұл теңге бағамына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.