Алматыда TECH CUP ALMATY 2023 чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионаттың жүлде қоры 10 000 000 теңгені құрайды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы әкімінің кубогына еліміздің әр өңірлерінен, қырғыз елінен 7 жастан 22 жасқа дейінгі әртүрлі жастардағы 140-тан астам команда қатысты. Олар үлкендер, орта жастағылар, кішілер деп үшке бөлініп, өзара бақтарын сынады.
Чемпионат 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл 9-рет ұйымдастырылды. Жарысқа барлығы 140 команда қатысуда. Әрбір команданың құрамында шамамен 10 адамнан бар. Бұл балалар – өңірлерден іріктеліп келген үздік өнертапқыштар. Оған қоса, көрші Қырғызстаннан 4 команда келді. Осы жылы чемпионатты әртүрлі бағыттарға бөліп жасадық: инновациялық жоба, дрондар жарысы, сонымен қатар FIRST бағыты. Қазір робототехника – дүниежүзілік тренд. Жалпы, чемпионат оқушыларды бір-біріне көмек көрсетуге, командада жұмыс істеуге, инженерлік дағдыларын дамытуға көмектеседі, – деді Алматы қаласы білім басқармасының «Алматы дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Каримгажы.
Чемпионаттың жүлде қоры 10 000 000 теңгені құрайды. Ақшалай сыйлықтардан басқа қатысушылар бағалы сыйлықтар, ҚБТУ, Тұран, Satbayev және SDU секілді Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының гранттары мен Үндістан, Кипр, Түркия және Индонезиядағы халықаралық чемпионаттарға лицензияларын ұта алады.
Біз FTC (FIRST TECH CHALLENGE) жарысы бойынша екінші рет қатысып жатырмыз. Жарыстың мәні – роботпен ойын элементтерін жинау арқылы ұпай жинау. Ең көп ұпай жинаған робот жеңіске жетеді. Одан бөлек, инновациялық жаңалыққа, роботтың түріне қарай да басқа номинациялар бар. Қазір командамызда 12 адам бар. Әркімнің өзінің қызметі бар: төртеуі инженер, екеуі программист, үшеуі SMM, одан бөлек дизайнер мен менеджер болып командағы өз үлестерін қосады. Роботты құрастыруға 3 ай уақыт кетті, – деді БИЛ және РФММ мектептерінің біріккен командасының капитаны Арнар Құлымбет.