Театрлар мен концерт залдарын ашқымыз келеді: елордалық мәдениет мекемелерінің өкілдері ревакцинациядан өтіп жатыр

21 Қаңтар 2022, 18:39
1397
Бөлісу:
Театрлар мен концерт залдарын ашқымыз келеді: елордалық мәдениет мекемелерінің өкілдері ревакцинациядан өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елорданың мәдениет мекемелерінің өкілдері №2 қалалық емханада ревакцинациядан өтті. Мәдениет қайраткерлері азаматтарды өз денсаулығын сақтау және коронавирус пандемиясын жеңу үшін екпе алуға шақырады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашовтың айтуынша бүгін ведомствоға қарасты ұйымдардың 50-ге жуық қызметкері ревакцинациядан өтті.

Өздеріңіз білетіндей, бұл адамзат тарихындағы алғашқы пандемия емес. Сондықтан қазір вакцинаның екі компонентін алып әрі ревакцинациядан өтіп, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруымыз керек. Неліктен бүгін ревакцинациядан тек мәдениет қайраткерлері өтіп жатыр? Біз халқымызға шығармашылығымызды, мәдениетімізді сыйлағымыз келеді, концерттер қойылып, театрлар есігін айқара ашқанын қалаймыз. Өзім коронавируспен ауырдым. Екі компонентін алғандықтан ауруды оңай өткердім. Екпенің жанама әсерлері болған емес. Бұл қарапайым вакцина. Біз мұндай екпелерді туғаннан бастап, мектепке барғанға дейін аламыз. Екпеден қорқудың еш себебі жоқ. Біз бұл қиындықты да еңсереміз деп ойлаймын, - деп атап өтті Санат Шапашов.

Дәрігерлер мәдениет мекемелерінің қызметкерлеріне ревакцинация үшін екпенің бірнеше түрін ұсынды: Спутник, QazVac немесе Sinopharm.
«Жастар» театрының, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының, қалалық филармонияның және басқа да мәдениет нысандарының қызметкерлері коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өтті.

Біз, мәдениет қайраткерлері, барлығын вакцина алуға, ревакцинациядан өтуге шақырамыз. Ұжымдық иммунитетті қалыптастырмай коронавирусты жеңе алмаймыз. Егер жағдай тұрақталса, жаңа қойылымдар қойып, сіздерді қуанта аламыз. Гастрольге шығу мүмкіндігі пайда болады. Пандемиямен күресуде әркім үлес қосуы керек. Ең алдымен, өз қауіпсіздігіңіз үшін екпе алуыңыз керек. Мен Спутник V вакцинасының екі компонентін алдым, ревакцинацияға спутникті немесе қазақстандық QazVac вакцинасын таңдауды жоспарлап отырмын, - деп атап өтті М.Горький атындағы орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр.

Айта кету керек, вакцинация мен ревакцинация ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға, қауіпті вирустың ауыр зардаптарынан денсаулықты қорғауға және індеттің өсуін тоқтатуға мүмкіндік береді. Қатаң саннормалар, дәрігерлер кеңесі, толық иммундау болмаса коронавирус пандемиясын жеңу мүмкін емес.

Өзгелердің жаңалығы