Қазақтың әйгілі актеры әрі режиссері Шәкен Айманов театрды «адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деп бағалағаны белгілі. Бүгінде заманауи қазақ үшін өзін-өзі түсініп қана қоймай, халқының тарихын танып, түп тамырына оралу да өзекті болып тұр.
BAQ.KZ тілшісі елордадағы қазақ театрларымен байланысып, биыл қандай спектакльдердің премьералары өткенін білді.
Қаллеки театры
Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры наурыз айында көрерменге «Үйлену» музыкалық комедиясы мен «Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасының премьерасын, сәуір айында Qalleki театр лабораториясының «Кешкі...7» спектакль-концертін, маусым айында «Жошы хан» тарихи драмасының премьерасын, қазан айында «Қыз Жібек» драмалық операсының премьерасын, ал желтоқсан айында «Патша көңілім, не дейсің?!.» комедиясының премьерасын ұсынды.
«Үйлену» музыкалық комедиясы
Үй болу керек, үйлену керек... Кімге? Жоғары білімді, төрт түлігі сай, тәрбиелі жігітке кімді айттырамыз? Әлде, қалыңдықтар «күйеуді» өздері айттырар... Қайсысы дұрыс? Таңдау кімге түседі..? Бірге тамашалайық, көрермен!
Спектакль ішінде қазіргі уақыттағы байлық пен мансапқа деген қызығушылық, адал-дық пен сатқындық, жақыбайлық пен іштар¬лық атаулы адам болмысындағы мінез-құ-лық ерекше бейнеленіп, оқиға бойы ол сатира мен юмор арқылы өз сыба¬ғасын ал¬ып отырады. Қойылым бойы оркестр ойнаған музыка комедияны одан сайын жан-дандырып, құлпыртып, толықтырып отырады.
Туынды авторы – Еркін Жуасбек. Режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Нұрлан Жұманиязов. Композитор – Серікжан Әбдінұров. Қоюшы суретші – Берік Бурбаев. Хореограф – Салтанат Сұңғат. Киім үлгісінің суретшісі – Шынар Елембаева. Спектакль театрдың Халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижер – Маралжан Мырзақұлова.
«Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасы
Жібек есімді кейіпкердің 20 жасқа толған туған күн кешінде болған оқиғалар негізінде өрбиді. Туындыда ұлы сезім махаббат мәселесі қозғалады. Қала мен ауылдағы сезім турасындағы қайшылықты ойлары, түсініспеушіліктер басты қақтығыс тудырады. Үлкен буын мен жастардың махаббатқа қатысты қарым-қатынастары, отбасылық тұтастық терең зерделенеді.
Туынды авторы – Сұлтанәлі Балғабаев. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Киім үлгісінің суретшісі – Алма Сырбаева.
«Кешкі 7» спектакль-концерті
Режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы. Қоюшы суретші – Шынар Елембаева. Хормейстер – Ержан Сансызбаев, Сұлтан Тұрсынбеков. Концерт-спектакльдің авторы әрі орындаушы артистер: Қайыржан Садықов, Ақжол Мамыр, Бәзіл Сұлтанғазы, Әнуарбек Бектас, Бибарыс Орман, Бекарыс Шалқар. Музыканы өңдеген әрі сүйемелдеуші ансамбль: Сұлтан Тұрсынбеков, Еркежан Ерзатқызы, Темірлан Шөкенов, Ақылбек Әнуар, Қуаныш Рахмет, Маржаннұр Макибаева, Айша Сырымбай.
«Жошы хан» тарихи драмасы
Спектакль Шыңғыс ордасы мен Қазақ ордасы атты бөлімдерден тұрады. Үргеніш шаһарын басып алу барысындағы Шағатай мен Жошы арасындағы текетірес хандық ішіндегі дауға ұласу қаупі туады. Шыңғыс ханның ұлдары арасындағы алауыздықты шешіп, сыртқы жаулардың қитұрқы ойларының жүзеге асуына жол бермеу жолы көрініс табады. Шыңғыс ханның өз қарамағындағы жерлерін төрт ұлы арасында ұлыстарға бөлу сахнасы арқылы оның көрегендігі мен сарабдал саясаткерлігі байқалады. Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халықты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған хан әке мен оғлан Жошының Ел билеу жөніндегі ой ерекшеліктері, талғам-түйсіктері бой көрсетеді.
Түркі баласын бір тудың астына жинап, артынан ерген елдің тыныштығы мен біртұтастығын ойлаған оғлан. Шыңғыс ханнан кейін қаны түркі баласына бір шаңырақтың астына бас қосқызып, бір қазаннан дәм татқызған, тағдырын бір қазыққа байлаған Жошы өмірі – елдің елдігін, ділдің бастауын көрсететін құндылық.
Авторы – Думан Рамазан. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Спектакльге музыканы арнайы композитор, этномузыкант, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетов жазды. Қойылымның суретшісі ретінде Ерлан Тұяқов шақыртылды. Хореографы – Салтанат Сұңғат, сахна сайысын Абылай Салимханов қойды.
«Қыз жібек» драмалық операсы
Қазақстанда опера жанры XX ғасырдың 30 жылдары туды. 1934 жылы казақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» драмалық опера түрінде сахналанды. Ғасырға жуық уақыттан кейін ұлтымыздың інжу-маржаны «Қыз-Жібек» операсын көрермен назарына драмалық опера жанрында қайта ұсынбақпыз. Жаңаны тудырғың келсе, өткенге қайта орал. Бәрі басталған нүктеге...
Авторы – Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы, Ғабит Мүсірепов. Сахналық нұсқаның авторлары – Мирас Әбіл, Ләззат Алпысбаева. Композитор – Евгений Брусиловский. Қоюшы режиссері – Әлібек Өмірбекұлы. Дирижер – «Мәдениет саласының үздігі» Ерлан Бейсембаев. Хормейстер – Ержан Сансызбаев. Қоюшы суретші – Әлібек Өмірбекұлы, Шынар Елембаева. Костюм бойынша суретші – Шынар Елембаева. Дыбыс режиссері – Ләззат Қыстықбаева, Абылай Энгельс. Жарық қою бойынша суретші – Азамат Бекбембетов. Режиссер көмекшісі – Гүлжан Әбдібаева.
«Патша көңілім, не дейсің?!.» комедиясы
Спектакльде ауылдағы өмір, әкенің, жалпы ер азаматтардың қоғамдағы орнының мәні, қарашаңырақтан, ата-анасынан алыстап кеткен балалардың өмірі мен қазіргі таңда қызу талқыда жүрген мәселелер көтеріледі. Қазіргі қоғамдағы әкелердің, қариялардың дәрежесі көтерілсе, бәлкім, отбасыға деген қарым-қатынас басқаша болар ма екен. Сөзге тоқтам болатын қазақ азаматтарына, болашағымызға қажет тақырыптар қозғалады, - деді ана рөліндегі актриса, «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар.
Туынды авторы – Қуаныш Жиенбай. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Қоюшы суретшісі – Тимур Қоесов. Композитор – Қайрат Тоқымбетов.
Музыкалық жас көрермен театры
Музыкалық жас көрермен театры 2023 жылы 4 қойылымның премьерасын жасады.
Атап айтсақ, ақпанда «Гауһартас» музыкалық драмасы, шілдеде «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі, желтоқсанда «Қоштасқым келмейді...» музыкалық драмасы және «Мәңгілік мұңның әуені» поэтикалық-музыкалық қойылымы.
«Гауһартас» музыкалық драмасы
«Гауһартас» повесінің сахналық нұсқасы музыкалық драма жанрындағы қойылымға жетпісінші жылдардағы ата кәсіп шопандықпен айналысып, қарапайым ғана тіршілік кешкен шағын отбасының шынайы өмірі мен кісілік келбеттері арқау болған.
Д.Исабеков суреттеген әйелдер бейнесі – Ана мен Салтанат келін өздерінің рухани тазалығымен құнды. Салтанаттың бойындағы адамдық қасиеттің биіктігі, өршіл мақсат пен арманның асқақтығы Қайыркенді тәнті етеді.
Қазақ жігітінің бойындағы ұлттық мінездің иірімдері бір әулеттегі ағалы-інілі екі адамның бойынша екі түрлі көрініс тапқан.
Адам жанының тазалығы мен биіктігін арқау еткен «Гауһартас» қойылымы ешқашан өзектілігін жоймайтын ұлттық отбасылық рухани құндылықтарды дәріптей отырып, жар қадірін ұғыну, махаббат пен бақыт, шынайы сезімді бағалау секілді ұғымдардың тереңіне бойлатады.
Авторы – Дулат Исабеков. Қоюшы режиссері – Асхат Маемиров. Сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Сценография және костюм суретшісі – Алма Сырбаева. Қоюшы-хормейстер, Мәдениет саласының үздігі – Ғалымжан Берекешов. Қойылым лейтмотивін жазған – Бауыржан Ақтаев. Қоюшы-хореограф – Уәлитбек Сиязбек. Режиссердің ассистенттері – Бауыржан Нұрбай, Оразалы Игілік. Жарық қою суретшісі – Айдын Досаев. Дыбыс режиссері – Сабина Ильясова. Режиссердің көмекшісі – Гүлдана Әбдісадық, Нұрай Рысбекова. Редакторлары – Ерлік Сапабеков, Алтынай Маханбет.
«Қыз жібек» этно-фольклорлық мюзиклі
Шығармашылық топтың басты мақсаты, операдағы орындалатын ариялар мен хорлардың, күйлер мен билердің барлығы халық әндері мен халық композиторларының музыкалық шығармалары болғандықтан, әу баста симфониялық оркестрге арнап жазылған партитурасын қайтадан рухани тамыры мен өзегіне оралтып, халық аспаптар ансамблінің орындауына лайықтап қайтадан жазып, этно-фольклорлық мюзиклге айналдыру.
«Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры – халқымыздың ежелден келе жатқан рухани мұрасы. Бұл туынды аңыз емес, шынайы өмірде болған оқиға. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тектілігі мен ұлттық болмысын сипаттайтын, қос ғашық Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын арқау ететін рухани құндылығымыз іспеттес бірегей туынды.
Либретто авторы – Ғабит Мүсірепов. Композиторы – Евгений Брусиловский. Қоюшы режиссері – Асхат Маемиров. Қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы – Асхат Маемиров. Суретшісі, Мәдениет саласының үздігі – Алма Сырбаева. Қойылым музыкасын этно-фольклорлық ансамблге лайықтап өңдеген әрі дирижер, Мәдениет саласының үздігі – Бауыржан Ақтаев. Қоюшы-хормейстер, Мәдениет саласының үздігі – Ғалымжан Берекешов. Киім суретшісі – Әсел Райымбек. Қоюшы-балетмейстер, Мәдениет саласының үздігі – Анвара Садықова. Пластика режиссері – Еламан Иманбай. Режиссердің ассистенттері – Бауыржан Нұрбай, Оразалы Игілік. Жарық қою суретшісі – Айдын Досаев. Дыбыс режиссері – Сабина Ильясова. Режиссердің көмекшісі – Гүлдана Әбдісадық.
«Қоштасқым келмейді...» музыкалық драмасы
Классикалық туынды ерлі-зайыптылардың өмірін және олардың күрделі қарым-қатынасын баяндайды. Әлеуметтік мәртебесі, өмірге көзқарасы әртүрлі ажырасуға бел буған сегіз отбасы сотқа жүгінеді. Ерлі-зайыптыларды тыңдаған судья олардың некесін бұзуға жол бермеу үшін барын салады. Себебі бірін-бірі кінәлауға, айыптауға, қаралауға дағдыланған ерлі-зайыптылардың өзімшілдігі, менмендігі, тәкаппарлығы – бірін-бірі тануға, тыңдауға, түсінуге кедергі. Пьесадағы характерлер қақтығысы, бітпейтін конфликтілер әртүрлі мінез-құлық ерекшеліктерін көрсетеді.
Авторы – Александр Володин. Аударған – Асхат Маемиров. Сценография және қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Асхат Маемиров. Қоюшы-дирижері, халықаралық конкурстардың лауреаты – Руслан Баймурзин. Қоюшы-хормейстері, Мәдениет саласының үздігі – Ғалымжан Берекешов, Шыңғыс Аймақ. Қоюшы-балетмейстері – Уәлитбек Сиязбек, Камила Бузанова. Режиссердің ассистенттері – Оразалы Игілік, Еламан Иманбаев. Жарық қою суретшісі – Айдын Досаев. Дыбыс режиссері – Сабина Ильясова, Елжас Мағзом. Режиссердің көмекшісі – Еламан Иманбаев.
«Мәңгілік мұңның әуені» поэтикалық-музыкалық қойылымы
Белгілі ақын, бард, қазақтың сары тентегі Қуаныш Мақсұтовтың «Мәңгілік мұңның әуені» атты поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынды.
Халық арасында «Сары тентек» атанып, ел ықыласына бөленіп кеткен Қуаныш Мақсұтовтың биыл мерейлі 60 жас мерейтойына орай «Мәңгілік мұңның әуені» поэтикалық-музыкалық қойылымының шығармаларын Музыкалық жас көрермен театры артистері орындап, кештің жақсы өтуіне атсалысты.
Аталған поэтикалық-музыкалық қойылымы көрерменге поэзия мен музыка әлеміне саяхаттауға мүмкіндік береді.
Поэтикалық-музыкалық қойылымның қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері – Асхат Маемиров, кейіпкерлер мен орындаушылар – театр артистері.
Мемлекеттік драма және комедия театры
Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры көрерменге наурызда «Кішкентай ханзада», желтоқсанда «Ана үміті» және «Болмаған балалық шақ» спектакльдерінің премьераларын ұсынды.
«Кішкентай ханзада» спектаклі
Француз авторы Антуан де Сент-Экзюперидің ең танымал аллегориялық шығармасы «Кішкентай ханзада» ертегісінің желісімен қойылған премьера. Режиссері – Нұржігіт Муслимов. Қоюшы суретшісі – Аружан Сайлаубайқызы. Киім суретшісі – Арман Темиртасов. Композитор – Аян Томанов. Жарық қоюшы – Ибрагим Оспанбаев. Дыбыс қоюшы – Әмірбек Нағашыбай. Гример – Аягүл Шалғымбаева. Музыкамен көркемдеген – Аян Томанов, Айнұр Жұмабаева, Асқарұлы Алмас, Амантай Ақжол. Дауыс – Ақжол Амантай. Кішкентай ханзадалар – Қазыбек Аманжол, Шыныбек Рахмашев, Әли Жарасұлы.
«Болмаған балалық шақ» спектаклі
Жетім баланың тағдырынан сыр шертетін автобиографиялық әңгіме желісі көмескі тартқан өткен жылдардан сыр шертеді. Автор Ақберен Елгезектің қиялындағы өмірі, өмірден көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері суреттелген. Əкесінен жастайынан айрылған ол, анасынан да тірідей айрылып, табиғаттан пана іздеген. Табиғат анамен тілдесе отырып, бүгінгі қоғамның алып тұлғасына айнала білді. Кітапқа жазған балаң шақтағы қияли ойлары талай тағдырластарының өткенін еске алуға септігін тигізді. Осынау өмірде ерте есейіп, бір уыс мейірімге шөлеркеген балалық шағының шытырман оқиғаға толы хикаяттары кімді болса да бейжай қалдырмасы анық.
Авторы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері – Ақберен Елгезек. Режиссері – Әли Бидахмет. Композитор – Сұлтан Тұрсынбеков. Қоюшы суретшісі – Аружан Сайлаубайқызы, Киім суретшісі – Арман Теміртас. Жарық қоюшы – Дамир Аманбаев, Дыбыс қоюшы – Әмір Мейрамбекұлы, Гример – Аягүл Шалғымбаева. Музыкамен сүйемелдеген – Ануар Ақылбек, Қуаныш Рахмет, Қорлан Қартқожақова.
«Ана үміті» моноспектаклі
Бұл шығарма Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінің желісімен жазылған. Әндегі оқиғаға арқау болған қырғыздың қызы, қазақтың келіні Қали апаның тағдыры. Соғыс қасіреті қаншама жанның жүрегіне қаяу салып, қаншама жанұяның шаңырағын шайқалтты.
Авторы Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, драматург – Қайрат Иманалиев. Қазақ тіліне аударған ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қырғыздың «Молда Бағыш» атындағы әдеби сыйлығының иегері – Дәулетбек Байтұрсынұлы. Режиссері Ш.Айтматов атындағы Қырғызстан жастар сыйлығының иегері – Ұланмырза Қарыпбаев, Алдияр Ақанов.
«JAN» иммерсивті театры
Биыл құрылған «JAN» иммерсивті театры шымылдығын Бейбіт Сарыбайдың «Өлара» әңгімесінің желісіне құрылған пьесамен ашты. Театр негізін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар мен Жанқалдыбек Төленбаев қалады. Иммерсивті театрдың дәстүрлі театрдан басты ерекшелігі қойылым сахнаға ғана байланбай, кез келген жерден басталып кетуі мүмкін. 17 қарашада Жастар сарайында театрдың алғашқы премьерасы өтті.
«Өліара» лирикалық комедиясы
«Өліара» спектакліне келген көрермен өзін көріп, балалық шаққа саяхат жасап қайтады. Бұл шығармада мектептен кейінгі өмір, емтихан кезеңдері баяндалады. Жығылған кезде басты кейіпкер Алматтың жан толғанысын көрерменге жеткізуге тырысамыз, - деді JAN иммерсивті театрының режиссері Руслан Әліш.
Иә, шындығында өліара кезең бұл. Мезгілдің ғана емес, біздің өміріміздің де өліара кезеңі. Адаспауымыз керек...
Авторы – Бейбіт Сарыбай. Музыкамен көркемдеуші – Сұлтан Тұрсынбеков. Режиссер – Руслан Алишев. Хормейстер – Сұлтан Тұрсынбеков. Сахналық нұсқаның авторы – Бахтияр Тұрсын.