Алматы, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кенішіндегі ахуалға қатысты жедел селекторлық жиын өткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар кызметі хабарлады.
Аймақ басшысы қазіргі уақытта еліміздің күрделі жағдайды бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Коронавирус инфекциясының салдары мен әлемде мұнай бағасының құлдырауы экономикаға кері әсерін тигізуде.
Бірақ, мұның барлығы уақытша қиындықтар. Күрделі жағдайға қарамастан, жұмысты жалғастыруымыз керек. Теңіз кенішіндегі ахуал бойынша өткен аптаның басында арнайы комиссия құрдық. Оған төрағалық ететін орынбасарым Серік Шәпкенов сол күні Теңіз кенішіне барып, әлі күнге дейін сонда жұмыс істеп жатыр. Комиссияның басты мақсаты – кеніштегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып өңірлеріне жіберу жүзеге асыруды үйлестіру, - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Теңізден тікелей байланысқа шыққан облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов осы уақытқа дейін Теңіз кенішінен 12 мыңға жуық жұмысшы шығарылып, тұрғылықты мекен-жайларына жеткізілгенін айтты.
Ол жерден шығар алдында әрбір жұмысшы COVID-19-ды анықтайтын тесттен өткізіліп, өз өңірлеріне инфекциядан таза болса ғана жіберіледі. "Шығарылғандардың 3000-ға жуығы Атырау облысының тұрғындары, - деді ол.
Теңіз кенішінде орналасқан бірнеше вахталық қалашықтардың жатақханаларында тұратын 82 жұмысшыдан коронавирус инфекциясы табылған. Олармен байланыста болған 1674 жұмысшы анықталып, дереу оқшауланған.
«Әр вахталық қалашықтардың барлығында тұрақты дезинфекциялау жүргізілуде. Карантиндік талаптарға сәйкес, әр вахталық қалашықтың арасында өзара қатынауға шектеу қойылды. Теңіз кенішіне қатынайтын жолдарға төрт блок пост орнатылды. Айналма дала жолдары да бақылауда. Карантиндік аймақта полиция, қауіпсіздік қызметінен құрылған патруль жұмыс істеп жатыр»,- деп нақтылады Серік Шәпкенов.