Пуэрто-Рикода 75-ші «Әлем аруы» сұлулық байқауы мәресіне жетті. Жеңімпаз атағын 27 жастағы Дженнифер Баррето иеленді. Ол байқау тарихына баласы бар тұңғыш жеңімпаз ретінде енді. Қазақстандық Алина Ри үздік бестікке ілінбесе де, ұлттық киімдер байқауында көзге түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Telemundo арнасына сілтеме жасап.
Байқаудың финалы 24 қарашада Пуэрто-Рико астанасы Сан-Хуан қаласында өтті. Тәж үшін әлемнің түрлі елдері мен аумақтарынан келген 116 қатысушы бақ сынасты.
Жеңімпазға марапатты өткен жылғы титул иегері – мексикалық Фатима Бош табыстады.
Үздік бестікке келесі арулар енді:
-
Дженнифер Баррето (Пуэрто-Рико);
-
Мелисса Нуньес (Доминикан Республикасы);
-
Клара Вегас (Венесуэла);
-
Беа Миллан-Виндорски (Филиппин);
-
Джорджия Уоддингтон (Жаңа Зеландия).
Жаңа «Әлем аруы» туралы не белгілі?
Дженнифер Баррето 27 жаста, ол жеті жасар қыз тәрбиелеп отыр. Miss Universe Puerto Rico ұйымдастырушыларының хабарлауынша, ол халықаралық байқауда топ жарған алғашқы ана атанды.
Барретоның психология бакалавры және психология мен әлеуметтік жұмыс бағытында екі магистрлік дәрежесі бар. Сондай-ақ ол дағдарыс жағдайындағы адамдарға көмек көрсету, балаларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша арнайы даярлықтан өткен.
Бір ерекшелігі – бойжеткен 2026 жылға дейін сұлулық байқауларына қатыспаған. Ол алғаш рет ақпан айында подиумға шығып, қарашада халықаралық тәжді жеңіп алды.
Пуэрто-Рико үшін бұл «Әлем аруы» байқауындағы алтыншы жеңіс және соңғы 20 жылдағы алғашқы жеңіс.
Қазақстандық арудың образы ерекше болды
Халықаралық байқауда Қазақстан намысын Шымкент қаласының 22 жастағы тумасы, «Қазақстан аруы – 2025» титулының иегері Алина Ри қорғады.
Көрермендердің ерекше назарын оның «Алтын қыран: Қазақстан рухы» атты ұлттық киімі аударды. Образдың басты бөлшегі – құлашы 4,5 метрге жететін бүркіттің механикалық қанаттары болды.
Көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша қазақстандық арудың образы үздік 15 ұлттық киімнің қатарына енді.
Негізгі байқаудың үздік бестігіне Алина Ри ілінбеді.