«Таза су айдындары» акциясы: Су қоймалары тазартылды

22 Наурыз 2021, 12:46
1952
Бөлісу:
 «Таза су айдындары» акциясы: Су қоймалары тазартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті бүгін Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында «Таза табиғат» жобасын іске асыру аясында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын өткізді.

Акция балық шаруашылығы су айдындарын тасталған (иесіз) балық аулау желілерінен тазарту және су айдындарының жағалау аумақтарын қатты тұрмыстық қалдықтардан жинау мақсатында өткізіледі.

Су қоймаларын тазарту бойынша өткізілген акцияның нәтижесінде аталған облыстар бойынша су қоймаларынан 23,7 км астам иесіз желілер алынды, 23 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Сондай-ақ акцияға 70-ке жуық мемлекеттік инспектор және 781 адам (балық шаруашылығы субъектілері, қорықшылар және еріктілер) қатысты.

50-ден астам жүзу құралдары, 83 автокөлік және басқа да көлік құралдары жұмылдырылды.

Су қоймаларын иесіз балық аулау желілерінен тазарту және жағалау аумақтарын тазарту бойынша тұрақты жүргізілетін акциялар балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тіршілік ету ортасында қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететін болады.

Ел азаматтарын қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін су биологиялық ресурстарының табиғатына, сақталуына және ұтымды пайдаланылуына ұқыпты қарауға шақырамыз.

Өзгелердің жаңалығы