Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтіп жатыр. Жиында съез шешімдерін жүзеге асыру, халықаралық серіктестікті кеңейту және климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-президент Ерлан Қариннің айтуынша, бұған дейін қалыптасқан құндылықтар негізі Съездің практикалық аясын кеңейтуге, құжаттарды бірлесіп әзірлеуге, серіктестікті нығайтуға және түрлі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, Астана бейбітшілік декларациясын іске асырудың алғашқы нәтижелерінің бірі – рухани білімнің халықаралық онлайн-орталығының іске қосылуы. Платформада Съезд материалдары, сараптамалық зерттеулер, әлемдік діндер мен диалог мәдениеті туралы ағартушылық ресурстар жинақталған.
Осылайша форумымыздың жұмысы тұрақты цифрлық сипатқа ие болып, жинақталған тәжірибе халықаралық кең аудиторияға қолжетімді бола түсті, – деді Ерлан Қарин.
Вице-президенттің айтуынша, Конфессияаралық және дінаралық диалог жөніндегі халықаралық орталық бұл платформаны тұрақты түрде жаңартып, мазмұндық тұрғыдан дамытуды қамтамасыз етуі қажет.
Сонымен қатар съездің халықаралық серіктестерінің қатары кеңейіп келеді. Өткен жылы Ватиканда, Пәкістанда, Жапонияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде бірлескен іс-шаралар өткен. Сондай-ақ Мальта Егемен орденімен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Жиында VIII съез шешімдерін іске асыруға бағытталған екі құжаттың жобасы қаралды. Соның бірі – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» құжаты. Ерлан Қарин климаттың өзгеруі тек экологиялық немесе экономикалық мәселе емес, сонымен бірге моральдық мәселе екенін атап өтті. Құжатта экологиялық жауапкершіліктің ортақ қағидаттары бекітіліп, діни қауымдастықтарды ағартушылық жұмыстарға, ынтымақтастыққа, сондай-ақ ең осал топтар мен өңірлерге қолдау көрсетуге шақыру көзделген.
Құжаттың ережелері Қазақстан Президентінің экология және су қауіпсіздігі саласындағы халықаралық бастамаларына, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен халықаралық су ұйымын құру жөніндегі ұсынысына негіз болған.
Вице-президент бұл құндылықтардың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының да негізінде жатқанын айтты.
Бұл – адамның қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау философиясы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші әрі мемлекеттің өркениеттілігінің маңызды өлшемі, – деді ол.
Ерлан Қариннің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасының мәні абаттандырумен ғана шектелмейді. Оның негізінде адам мен табиғаттың біртұтастығы туралы түсінік жатыр. Сондықтан бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, күнделікті әдеттерді өзгертуге және қоршаған ортаны сақтаудағы жеке жауапкершілікті орнықтыруға бағытталған.