«Таза Қазақстан»: Жапонияда қазақстандық спортшылар көпке үлгі болатын әрекет жасады

Азия ойындарында ел намысын қорғап жүрген спортшылар жарыстан кейінгі қарапайым әрекетімен «Таза Қазақстан» идеясын көрсетіп жүр.

21 Қыркүйек 2026, 13:08
АВТОР
 видеодан алынған кадр 21 Қыркүйек 2026, 13:08
21 Қыркүйек 2026, 13:08
213
Фото: видеодан алынған кадр

Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары ел намысын қорғап қана қоймай, тазалық пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін де көрсетіп жүр.

Жапония қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіпке ерекше мән беретін ел ретінде танымал. Осы мәдениетке құрметпен қарайтын қазақстандық спортшылар жарыс пен жаттығудан кейін өз орындарын жинап, тазалық сақтауға назар аударып келеді.

Бұл әрекет Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі құндылықтарымен үндеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстау және табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын бірнеше рет атап өткен.

2026 жылғы 19 қыркүйекте Президенттің қатысуымен Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында шара өтіп, Мемлекет басшысы жастармен және экобелсенділермен бірге Президент саябағына ағаш отырғызды. Ресми мәліметке сәйкес, шара табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және елді мекендерді көгалдандыруға қоғамның белсенді қатысуының маңызын көрсетті. 

Қазақстандық спортшылардың Жапониядағы ұстанымы да осы жауапкершілік мәдениетін халықаралық ортада көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, биылғы Азия ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасынан 558 спортшы қатысып жатыр. Олар жарыс бағдарламасына енгізілген 43 спорт түрінің 35-і бойынша жүлдеге таласады. Құрлықтық дода 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. 

Жарыстар Жапонияның өзге де өңірлерінде ұйымдастырылып жатыр. Азия ойындарына 45 елден шамамен 15 мың спортшы қатысады. Биылғы дода бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 спорттық дисциплина енгізіліп, 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Қазақстан құрамасының негізгі бөлігі жарыс басталғанға дейін Жапонияға барып, қорытынды оқу-жаттығу жиындарын сол елде өткізді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, мұндай тәсіл спортшылардың уақыт белдеуіне, климаттық жағдайға және жарыс ортасына алдын ала бейімделуіне мүмкіндік берген. 

Осылайша, қазақстандық спортшылар үшін Азия ойындары спорттық нәтиже көрсететін алаң ғана емес, елдің мәдениеті мен құндылықтарын халықаралық ортада танытатын мүмкіндікке де айналып отыр. Тазалықты сақтау, өзінен кейінгі орынды жинау және қоғамдық ортаға ұқыпты қарау сияқты қарапайым әрекеттер «Таза Қазақстан» бастамасының идеясын күнделікті өмірде көрсетуге бағытталған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх