«Таза Қазақстан» экологиялық рейді барысында Қарағанды облысында 4 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысында экологиялық ахуалды жақсарту және қалдықтармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кешенді экологиялық рейдтер жүргізілуде.
2026 жылдың алғашқы айының қорытындысы бұл бағыттағы өзекті мәселелердің әлі де бар екенін көрсетті. Полицейлер өңір аумағында 4 мыңнан астам экологиялық құқықбұзушылықты анықтады.
Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Каировтың айтуынша, рейд барысында жауапкершілікке тек қатардағы азаматтар ғана емес, сонымен қатар өздеріне бекітілген аумақтардың тазалығына тікелей жауапты мекеме басшылары да тартылып отыр.
Оның сөзінше, қоқысты уақытында шығармау, қар тазалау талаптарын сақтамау деректері бойынша 32 ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы бір миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Бұдан бөлек, аулалар мен тұрғын үйлердің кіреберістерінің, баспалдақ алаңдарының талапқа сай күтіп-ұсталмауына және мұз қатуына жол бергені үшін 4 ПИК төрағасы жауапқа тартылды.
Полиция қызметі заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу мақсатында заманауи технологияларды кеңінен қолдануда. Азаматтардың әлеуметтік желілер арқылы жедел хабарламалары мен әуе мониторингі үшін пайдаланылатын дрондардың көмегімен рұқсатсыз қоқыс төгу фактілері дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қабылдануда.
Жыл басынан бері жүк көліктерімен қоқысты заңсыз төккені үшін 5 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Өткен аптада Шахтинск қаласында «Shacman» және Сарань қаласында «КамАЗ» маркалы екі жүк көлігі анықталған заңбұзушылықтар толық жойылып, айыппұлдар өтелгенге дейін айыптұраққа қойылды, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері өңір экологиясын қорғау жұмыстары алдағы уақытта да қатаң түрде жалғасатынын атап өтті.