«Таза Қазақстан»: Астанада 500 түп ағаш отырғызылды

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында елордада 500 түп ағаш отырғызылып, әр көшетке цифрлық паспорт берілді.

18 Қараша 2026, 14:28
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков 18 Қараша 2026, 14:28
18 Қараша 2026, 14:28
110
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 500 түп ағаш отырғызылды. Nazarbayev University кампусында өткен экологиялық акцияға студенттер, оқытушылар, қала тұрғындары мен жас отбасылар қатысты. Ерекшелігі – әр ағашқа цифрлық паспорт беріліп, оның өсуі мен жай-күйі бақылауға алынады. BAQ.KZ тілшісі ағаш отырғызу сәтінен фоторепортаж дайындады.

18 қараша күні Nazarbayev University кампусындағы баршаға ортақ жаңа қалалық саябақта экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұған дейін саябақ аумағында 4 500-ге жуық ағаш егілген. Бүгінгі шара барысында оған тағы 500 түп ағаш қосылды.

Назарбаев Университетінің вице-президенті Гүлмира Қанайдың айтуынша, «Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес, елде экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Бұл ретте жастардың рөлі ерекше.

Бұл жай ғана бір күндік іс-шара емес. Бұл – жылдар бойы жалғасын табатын, елімізде экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған бастама. Әсіресе, экологиялық мәдениет туралы айтқанда, жастарға басымдық беруіміз керек. Себебі жастар осы құндылықтарды жалғастырып, келер ұрпаққа жеткізетін негізгі күш, – деді Гүлмира Қанай.

Университет өкілінің сөзінше, 2019 жылдан бері оқу орнының бастамасымен және өзге жоғары оқу орындарымен бірлесіп 80-нен астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар университетте тұрақты даму бағытындағы жобалар жүзеге асырылып келеді.

Бүгін студенттердің, профессорлар мен оқытушылар құрамының қолдауымен тағы 500 ағаш отырғыздық. Бірақ жұмыс мұнымен аяқталмайды. Әр ағашқа күтім жасап, оны суарып, жағдайын жүйелі түрде бақылауымыз керек, – деді ол.

Акцияның тағы бір ерекшелігі – әр ағашқа цифрлық паспорт беріледі. Онда ағаш пен оны отырғызған адам туралы ақпарат сақталады. QR-код арқылы оның жағдайы мен өсу қарқынын бақылау жоспарланған. Бұл отырғызылған көшеттердің күтімін жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Экологиялық акцияға Астана қаласының тұрғындары, жас отбасы Қуаныш Көбеев пен Назым Қайратқызы да қатысты. Олар үшін бірге ағаш отырғызу – болашаққа бағытталған символдық қадам.

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. «Таза Қазақстан» бастамасы мен бүгінгі акция – келер ұрпаққа таза, жылы әрі игі дүние қалдыруға мүмкіндік. Біз үшін бүгін отбасымызбен бірге ағаш отырғызу өте толқынысқа толы әрі ұмытылмас сәт, – деді Қуаныш Көбеев.

Жас отбасы алдағы уақытта да өздері отырғызған ағаштың жай-күйін бақылап, күтім жасауға ниетті. Олардың айтуынша, әр ағашқа QR-код берілуі де бұл бастаманың ерекшелігін арттырған.

Біз ағаштың қай жерде орналасқанын білеміз. QR-коды да бар, бұл өте қызық әрі технологиялық шешім деп ойлаймын. Оны да отбасымыз секілді бірге өсіріп, күтіп-баптаймыз, – деді жас отбасы.

Осылайша, акцияға қатысушылар қала аумағын көгалдандырумен қатар, табиғатқа жанашырлық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ағаш отырғызумен қатар, олардың кейінгі күтіміне де ерекше назар аударылады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх