Израиль армиясы Иран аумағынан ұшырылған зымырандарды тосып алу үшін әуе қорғаныс жүйелері іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соққы қаупі төнген аудандардағы тұрғындардың ұялы телефондарына ескерту хабарламалары жіберіліп, қосымша ақпарат берілгенге дейін баспаналарда қалу ұсынылған.
Yedioth газетінің дерегінше, елдің оңтүстігіндегі Димона мен Арадта, сондай-ақ Негев шөлі маңында әуе дабылының сиреналары қосылған.
БАҚ мәліметінше, Израильдің оңтүстігіне бағытталған зымырандар әуе қорғаныс жүйелері арқылы тосып алынған.
«Маген Давид Адом» жедел жәрдем қызметі алдын ала мәлімет бойынша зымыран шабуылы салдарынан елдің оңтүстігінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.
Бұған дейін, 21 наурыз күні Иранның Израильдің оңтүстігіне жасаған жауап соққысы кезінде Арад пен Димонада тікелей түсу фактілері тіркелген болатын. Сол кезде Арадта 84 адам зардап шеккені, ал Димонада ондаған адам жараланғаны хабарланған. Израиль армиясы Димона мен Арадқа түскен екі иран зымыраны «бір-бірімен байланысты емес ақауларға» байланысты тосып алынбағанын мәлімдеген еді.