Таяу Шығыстағы шиеленіс: Израиль, Иран және Ливанда неше қазақстандық жүр

2 Қазан 2024, 16:10
250
Бөлісу:
Таяу Шығыстағы шиеленіс: Израиль, Иран және Ливанда неше қазақстандық жүр
Фото: pixabay.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығыстағы қазақстандықтардың жағдайына қатысты ресми мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шетелде ҚР азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау Сыртқы істер министрлігі үшін басым міндет. Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз және кез келген жағдайда барлық қолдауды көрсетуге тырысамыз, - деді Смадияров.

Ол соңғы бірнеше айда Таяу Шығыста жағдай шиеленісе түскенін атап өтті.

Осыған байланысты Израиль, Иран және Ливандағы қазақстандық дипломаттар күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Осы елдердегі Қазақстан азаматтарымен байланыс арналары құрылды. Олармен тұрақты байланыс бар. Оларға елдердегі жағдай бойынша қажетті ұсыныстар берілді. Елшіліктеріміз әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты елден кету қажеттілігін бірнеше рет жариялаған болатын, - деп айтты ресми өкіл.

Ол Таяу Шығыста неше қазақстандық бар екенін айтты.

Израильде консулдық есепте 120, Иранда 102, Ливанда 139 Қазақстан азаматы, оның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар, - деп айтты Смадияров брифингте.

Еске салсақ, СІМ елдерді күш қолданудан бас тартуға шақырды.

Сондай-ақ, еліміздің Израильдегі елшілігі азаматтарымыздан қауіпсіздікті барынша күшейтуді сұрайтынын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы