Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты қазақстандық әуе компаниялары бұл бағыттағы рейстерді уақытша тоқтатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер рейстердің қайта жандану мүмкіндігі және өңірдегі қазіргі ахуал туралы нақтылап сұрады.
Бүгінгі таңда қазақстандық әуе компаниялары қалыптасқан жағдайға байланысты ол жаққа ұшуларын тоқтатты. Жағдай үнемі өзгеріп отырады, дегенмен сіздер айтқандай, кейбір компаниялар рейстерін жалғастырып жатыр. Мысалы, FlyDubai туралы айтсақ, небәрі екі күн бұрын Дубай әуежайы жабылып, ұшулар тоқтатылды. Яғни бәрі ұшу қауіпсіздігіне төнетін тәуекел деңгейіне байланысты, өйткені ондағы жағдай өте тұрақсыз. Осы тұрғыда тәуекелдерді тұрақты түрде бағалау жүйесі жұмыс істеп тұр. Жағдайдың қалай өрбитініне және өңірдегі ахуалға кешенді баға берілген соң, Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп әрі қарайғы шешімдер қабылданады, – деді Талғат Ластаев Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әзірге қазақстандық әуе компаниялары рейстерді тоқтатқанымен, кейбір шетелдік тасымалдаушылар тәуекел деңгейіне қарай ұшуларды жалғастырып отыр.
Қатар бүгінде ұшуларын тоқтатты. Жаңа айтқанымдай, FlyDubai бойынша кейбір рейстер орындалды, бірақ әр сәттегі жағдайға байланысты шешім өзгеруі мүмкін. Әуежайлар жұмысын тоқтатып, әуе кеңістігі жабылған кезде ұшулар да тоқтатылады. Қазір тұрақты жұмыс туралы айту қиын. Сауд Арабиясы бағыты бойынша да рейстер орындалмайды – біздің компаниялар оларды тоқтатты, – деп толықтырды вице-министр.
Еске сала кетейік, Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялауға қанша қаржы жұмсалғаны белгілі болды.