ОПЕК+ қатысушылары мұнай өндіру квотасын кезекті рет арттыруға келісті. Алайда геосаяси тұрақсыздық пен жеткізілімдегі іркілістер аясында бұл шешімнің жүзеге асуы әзірге белгісіз күйінде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Дереккөздердің мәліметінше, ОПЕК+ елдері маусым айында мұнай өндірудің мақсатты көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге арттыру жөнінде келісімге келген.
Олардың айтуынша, түпкілікті шешім 3 мамырға жоспарланған алдағы отырыста қабылданады. Талқылауға жеті ел қатысып отыр: Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Алжир, Қазақстан, Ресей және Оман. Сонымен қатар, қазіргі сыртқы факторларға байланысты нақты өндіріс көлемінің өсуі шектеулі болуы мүмкін.
Дереккөздер бұл шешім Парсы шығанағындағы жағдай тұрақталып, Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасы толық қалпына келгенге дейін көбіне символикалық сипатта қалуы мүмкін екенін атап өтті. Жеткізілімдегі іркілістер мұнай нарығына қазірдің өзінде қысым түсіріп отыр.
Бұған дейін мұнай бағасы соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге дейін өсіп, барреліне 125 доллардан асқаны мәлім болған еді. Сарапшылар алдағы айларда авиациялық отын тапшылығы туындауы мүмкін екенін және жаһандық инфляцияның жеделдеуі ықтимал екенін ескертеді.
Ұйымның мәліметінше, наурыз айында ОПЕК+ елдеріндегі нақты өндіріс көлемі тәулігіне шамамен 35,06 млн баррельді құраған. Ең үлкен қысқарту Сауд Арабиясы мен Иракқа тиесілі болды. Ресей де инфрақұрылымның зақымдануына байланысты өндірісті азайтқан.
Еске салайық, бұған дейін БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығатыны белгілі болды. БАӘ ОПЕК-ке 1967 жылы Абу-Даби әмірліктері арқылы қосылған және 1971 жылы Біріккен Араб Әмірліктері құрылғаннан кейін де мүшелігін сақтап келген.
Сондай-ақ сарапшылар БАӘ ОПЕК-тен шықса, мұнай бағасы құлдырауы мүмкін екендігін айтты.