Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде айрықша көңіл бөлініп отыр – депутат Дихан Қамзабекұлы

25 Қараша 2026, 12:23
АВТОР
https://www.facebook.com/dikhan.kamzabekuly  https://www.facebook.com/dikhan.kamzabekuly 25 Қараша 2026, 12:23
25 Қараша 2026, 12:23
106
Фото: https://www.facebook.com/dikhan.kamzabekuly

Қазақстан Республикасы Құрылтайының барлық фракция депутаттары ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай үндеу жасады. Онда соңғы жеті жылдағы ел жетістіктері, экономикадағы өзгерістер, әлеуметтік жобалар және алдағы кезеңдегі міндеттер сөз болды. Депутаттар халықты Мемлекет басшысы жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын қолдауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үндеуді Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы жариялады.

Депутаттардың айтуынша, 1991 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан елеулі жетістіктерге жетті. Әсіресе соңғы жеті жылда елде түбегейлі өзгерістер болған.

Үндеуде әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттары барлық салада орныға бастағаны айтылған. Экономика саласында шетелге заңсыз шығарылған капитал елге қайтарылып, халықтың игілігіне жұмсалып жатқаны атап өтілген. Атап айтқанда, 1 триллион теңгеден аса қаржы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталатыны көрсетілген.

Әлеуметтік саладағы әділдік – үш жылдан бері «Ұлттық қордағы» қаржыдан түскен инвестициялық табыс әрбір балаға теңдей бөлініп отыр. Дәл қазір 7 миллионнан аса баланың есепшотына 2,5 млрд АҚШ долларына пара-пар қомақты қаржы аударылған. Әділетті мемлекетте отандық ғылым мен мәдениетті дамыту да айрықша назарда. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар жеті жыл ішінде 1300-ден аса жаңа мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме, 536 спорт және мәдениет нысандары салынды, - деді Құрылтай депутаты үндеуінде.

Сондай-ақ алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 44 пайызға өсіп, 130 миллиард долларға жуықтаған. Соңғы жеті жылда 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 24 пайызға артқан.

Депутаттар жалпы ішкі өнім көлемі жеті жылда шамамен 2,5 есе өсіп, 398 миллиард долларға жеткенін де атап өтті. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі.

Депутаттар «Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын қолдауға шақырды

Үндеуде биыл жүзеге асқан конституциялық реформа мен саяси жүйенің жаңаруы Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келгені ерекше атап өтілген.

Депутаттардың пікірінше, ел жетістіктерін арттыру үшін қоғамдық сананы жаңарту маңызды. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 35 жылдығын ел дамуының жаңа кезеңіне айналдыру қажет.

Үндеуде Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері форумында айтқан сөзі де келтірілген. Президент кейбір мәселелердің, соның ішінде мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға қатысты түйткілдердің әлі де түбегейлі шешімін таппағанын атап өткен.

Осыған байланысты депутаттар Президент Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» жобасына бірлесе атсалысуға шақырды.

Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл – әрбіріміз үшін абыройлы міндет! – деп айтты үндеуді оқыған Дихан Қамзабекұлы.

Депутаттардың айтуынша, 35 жылдық белес аясында басталған ауқымды жоба аясында халық игілігі үшін жүздеген әлеуметтік, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысан салынып, пайдалануға беріледі.

Үндеу соңында Құрылтай депутаттары ел бірлігі мен берекесінің артуына тілектестік білдірді.

Наверх