Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қанша адам бостандыққа шығады?

2 Желтоқсан 2021, 10:19
1195
Бөлісу:
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қанша адам бостандыққа шығады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев рақымшылық жасау заңы аясында қанша адам бостандыққа шығатынын айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі «Тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын әзірледі.

Заң жобасының мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту.

Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, І және ІІ топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасы мемлекеттік орган өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды. Сонымен бірге ғылыми құқықтық сараптамалар жасалынды, - деді министр.

Тұрғымбаев баяндағандай, бүгінгі таңда елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан, қалған 4 мың адам тергеумен қамауда. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-ы бірнеше рет оның алдында сотталғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

Жоба бойынша 2 292 сотталушыға, 11 753 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалынады. Нәтижесінде мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1 230 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1 471 адамға жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады, - деп түсіндірді ІІМ басшысы Сенатта.

Қылмыстық кодекстің 78 бабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған.




Өзгелердің жаңалығы