Тәуелсіздік жылдарындағы білім жүйесі туралы кітап жарық көрді

19 Қазан 2021, 11:49
22406
Бөлісу:
Тәуелсіздік жылдарындағы білім жүйесі туралы кітап жарық көрді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін жаңғырту» кітабының тұсаукесері өтті.

Кітаптың авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Ресей мемлекеттік білім академиясының академигі Алма Әбілқасымова.

Кітапта еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылда білім жүйесі қалай дамып, жаңғырғаны баяндалады. Сондай-ақ кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.

Тұсаукесер жиыны барысында автор кітапты жазуға не себеп болғанын айтып берді.

Кітапты жазуға қалам алу себебім осы 30 жылдың ішінде елімізде білім жүйесінің соншалықты дамығаны, білім жүйесіне мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп, қомақты жұмыс істелгені арқау болды. Сондықтан 30 жылда білім жүйесінде жасалған жұмыстың барлығы кітапта жазылды. Мемлекет, Елбасы тарапынан қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, Білім және ғылымды дамыту деген мемлекеттік бағдарламалар, Тәуелсіздік алған кездегі қиыншылықтар. Сондай-ақ 1992 жылы қабылданған Білім туралы заң, осы заңның аясында талай іске асқан шаруалар, оқулық жасау тарапынан қабылданған мемлекеттік құжаттар барлығы қамтылды, - дейді Әбілқасымова.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов автор Тәуелсіздік жылдары білім саласында еңбек етіп, сол тұстағы жағдаймен етене таныс екенін айтты.

Кітаптың авторы осы 30 жылдық тарихты жасаған адамның бірі. Қазір ел Тәуелсіздігінің бірінші күнінен бастап барлық салада көптеген қателік кетті деген даулар айтылады. Автор сол кездегі жағдайды нақты дәлелмен келтіріп жазған. Өйткені өзі сол үдерістің ішінде болып, жүріп өткен тарихты баяндаған. Бұл жан-жақты зерттелген, толық қамтылған алғашқы еңбек. Сонысымен қазіргі көптеген сұраққа жауап беріп отыр, - дейді Алшанов.


Өзгелердің жаңалығы