Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

30 Наурыз 2021, 12:01
4057
Бөлісу:
Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын еліміз жыл басталғалы мерекелеуді бастағаны белгілі. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген бүгінгі кейіпкеріміз мәдениет саласында қызмет етеді. Әнел Кемал музей ісі мен Тәуелсіздік жылдарындағы мәдениет саласының жетістігі, таптаурындарды бұзу туралы ойымен бөлісті.

Талбесік пен тәрбие

Әнел Кемал 1994 жылдың сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласында дүниеге келген. Әкесі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы. Ал анасы Павлодар облысының Баянауылынан.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Әнелдің айтуынша, әке-шешесі Алматыда білім алғаннан кейінгі уақытта Қарағандыға шоғырланған.

 Мен дүниеге келген жылдары ата-анам елордада жаңадан ашылған қазақ театрында жұмыс істеген. Сол себепті мен Ақмолада туған жағдайым бар. Кейін жұмыс бабына байланысты отбасым Қарағандыға көшіп барды. Қарағандыда балабақшаға да, мектепке де бардым. 9-сыныпқа дейін Мағжан Жұмабаев атындағы 39-ші мектеп-гимназиясында білім алдым. Мектептен кейін Қарағанды бизнес және құқық колледжіне оқуға түстім. Әке-шешем өнер адамдары, өмірлерін сахнаға арнаған. Әкем театр және кино актері болса, анам Сәкен Сейфуллин академиялық театрының актрисасы. Қазір екеуі де осы театрда еңбек етіп жатыр, - дейді Әнел Кемал.

 Ол атағандай, өзінен 8 жас үлкен туған ағасы бар. Әнел ағасының негізгі мамандығы тіл маманы, бірақ қазір кәсіпкерлікпен айналысатынын жеткізді.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Жақында үйленіп, жеңгелі болдым. Отбасымда 5 адамбыз. Қазақтың барлық отбасындағы сияқты менің де ата-анам адал, біреудің ала жібін аттамайтын, адамгершілігі мол азамат болу қажет екенін айтып, тәрбиеледі, - дейді Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген кейіпкеріміз.

Әнел мамандық таңдағанда қатты қиналмағанын айтты. Себебі кішкентай кезінен бір мамандықты армандамаған.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Менде ондай болған жоқ. Себебі айналамның барлығы өнер адамдары болды, өнерден басқа саланы білмедім. Мен оқуға түсетін кезде «Туризм» мамандығы колледждерде енді шығып жатты. Сол туризмге қызықтым. Оған қоса географияға осалдау болған соң, өзімді сынап та көрейін дедім. Оның үстіне сол кезде туризмді саяхат деп түсінетінмін. Сондықтан да туризм саласын таңдадым. Алайда осы күнге дейін бұл шешіміме өкінген емеспін. Тек бір қынжылтқаны, туризм мамандығы енді ашылған соң, біз 2-курстан кейін барлық бағдарламаны тек орыс тілінде оқыдық, - дейді ол.

Білім мен белес

Әнел колледжден кейін оқуын Қарағанды экономика университетін «Туризм» мамандығы бойынша жалғастырады.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Университетте оқып жүрген кезде елордада Ұлттық музей ашылып жатты. Ол жерге жаңа мамандарды жинап жатты. Мен де түйіндемемді жібердім. 2014 жылдың соңына қарай экскурсоводтарды қабылдау туралы байқау жарияланды. Мен де шақырту алдым. «Экскурсовод» деген тележоба аясында барлық сыннан өтіп, жұмысқа қабылдандым. Осылайша, жұмыс пен оқуды үйлестіріп жүріп, 2017 жылы оқуымды тәмамдадым. Бір қалада жұмыс, бір қалада оқуымның болуы, әрине, оңай болмады, - деді Әнел Кемал.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Мәдениет қызметкерінің айтуынша, ЖОО мен музей де оның жағдайын түсініп, мүмкіндік берген.

2017 жылы мен Омбы қаласындағы Достоевский атындағы мемлекеттік университеттің магистратурасына түстім. Қазір сол жерде сырттай білім алып жатырмын. «Әлем халықтарының мәдениеті мен тарихы» мамандығын таңдадым. Ол оқуды музейдің көп қызметкері тәмамдап, біліктігін арттырды. Мен де солардың жолын қудым десем де болады, - деді ол.

Әнел Қайратқызы атағандай, кәсіби маман ретінде мәдениет саласында жүргеніне 6 жыл болған.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Жалпы мәдениет саласы маған кішкентай кезімнен таңсық болған емес. Себебі менің әке-шешем мен туыстарымның барлығы дәстүрлі әнші, актер, өнерден кенде емес адамдар. Туғалы мәдениет саласындамын деп айта аламын. Мәдениет саласы адамдармен кедергісіз тіл табысуды үйретті. Себебі қазіргі адамдардың басты проблемасы телефонға кіріп, өмірдегі қарым-қатынастан мақұрым қалып бара жатыр. Кейбіреуімен сөйлескенде олардың екі ауыз сөздің басын қоса алмайтынына куә болдым, - дейді ол.

Әнел мәдениет саласы осындай қасиеттен арылтып, сөз саптауды үйреткенін айтты.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Себебі әртүрлі ірі шараларда өнер қайраткерлерімен, мықты тұлғалармен жүресің. Ол болуы мүмкін арадағы барлық кедергіні жояды. Сондықтан кез келген адаммен оның деңгейінде әңгіме өрбіту өте оңай іске айналды. Олай дейтінім, мен мектепте оқып жүрген кезімде жасқаншақ, ұяңдау болдым, - деді музей қызметкері.

Тәуелсіздік және тұлғалар

Жас маман Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарындағы мәдениеттің деңгейі жайында өз пікірін білдірді.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Қазіргі таңда қазақстандық жастар әлемдік аренада биікке шығып жатыр. Бүкіл әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайбергенді айтуға болады. MTV арнасынан алғашқы болып қазақша бейнені таспалады. Ол бір сұхбатында «менің қазіргі көрсетіп жүрген өнерім - қазақстандық музыка мектебінің жеңісі» деп айтқан болатын. Мүлдем басқа жанрдағы Иманбек Зейкеновтың Grammy алуы да ғажап нәрсе. Музей саласын айтатын болсақ, елордадағы Ұлттық музей - Орталық Азиядағы ең ірі музей. Әлемдегі ең ірі 10 музейдің қатарына енген. Шетелден келген біздің әріптестеріміз музейден өте үлкен әсермен кетеді. Себебі ата-бабасының мұрасын осындай деңгейде сақтап қалғанды жоғары бағалайды, - дейді ол.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Әнел айтқандай, музейге келіп, жәдігерлерді тамашалайтындар оның артында қаншама жұмыс жатқанын түсіне бермейді.

Жәдігерлерді сақтау, олардың ылғалдығының дұрыс болуы, жарықтың түсуі және музейге келген жәдігерлерді қайта өңдеу жұмыстары баршылық. Оны өңдеу де әртүрлі: ағаш пен мата, металдікі бөлек болады. Осыларды ескере отырып, Ұлттық музей әлемдік стандарттарға сай етілген. Ұлыбританиядан келген әріптестерім де музейдегі қоймалардың жағдайын көріп, таңғалды. Себебі мұраның сақталуына жақсы жағдай жасалған. Сондықтан Ұлттық музей де Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігі деп ойлаймын, - деді мәдениет қызметкері.

Оның айтуынша, өнер, театр, музей саласының дамуына серпін беретін халық тарапынан болатын сұраныс.

Қазақстанның мәдениетін жоғары деңгейге шығару, мәдениет саласының қызметкерлерінің ғана емес, жалпы халықтың міндеті. Олардың барлығы сұраныс болғанда дамиды. Халықтың өресі сұраныс тудыра алатындай болуы керек, - деді Әнел.

Ол өзінің қызығушылығы уақытқа сай өзгеріп отыратынын айтты.

Қолөнермен айналыстым. Психологиялық кітаптарды кеміріп, барлық ақпаратты сіңіруге тырыстым. Қазір тектологияға қатты қызығып жүрмін. Ол да психологиямен тікелей байланысты ғой. Қазіргі жұмысым қызығушылығыма айналды, - дейді ол.

Музей мен мәдениет

Әнел пандемия кезінде музейдің жұмыс істеуі туралы айтты.

Біз өткен жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін жұмыс істемедік. Қыркүйектен бастап барлық қызметкер үйден жұмыс істедік. Интернет желісін пайдаланып, фотосуреттерді пайдалану арқылы онлайн экскурсиялар жасадық. Қазіргі таңда музей 10:00-нан 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Экскурсия алдын ала ұйымдастырылады. Әр топта адам саны 5-7-ден аспауы керек. Сондай шартты тәртіптер енді. Әрине, бұрынғыдай адамды көп қабылдай алмаймыз, - деді Әнел Кемал.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жас маман Тәуелсіздікпен тағдырластығы туралы айтты.

30 жылда еліміз үлкен жетістіктерге жетіп жатыр деп ойлаймын. Елбасының саясаты елімізді әлемдік аренада таныту болатын. Имидждік жобалар жыл сайын ұйымдастырылады. Еліміздің әлемдік аренадағы беделін әлемдік дін көшбасшыларының съезі көрсетіп тұратын сияқты. Себебі барлық дін өкілдерінің бір орында бас қосуы бұрын-соңды болмаған дүние еді, - деді ол.

Әнелдің айтуынша, таптаурындарды бұзатын - жастар, жаңа көзқарас.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Жалпы адамды генетикалық тұрғыдан қараса, өте көп деректерді айтуға болады. Мысалы, ашаршылық жылдарын алатын болсақ, оны біз де, әке-шешеміз де көрмеді. Алайда ата-әжелеріміз көрді. Бірақ генетикалық тұрғыда бұл оқиғаны біз де, баламыз да бейсаналы түрде біледі. Таптаурынды қалыптастыратын осындай дүниелер деп ойлаймын. Біз қазіргі тыныш өмірімізді жалғастырып, біздің балаларымыз бен немерелеріміз сүрсе, олардың өмірі мүлдем басқаша болмақ. Себебі генетикалық және тарихи жады таза болады. Біз жаңаша форматта өмір сүруді үйреніп келе жатырмыз. Бірақ біздің балаларымыз одан да жаңаша, басқаша форматта өмір сүруі керек. Ал таптаурынды бұзатын, үнемі дамып отыратын прогрессивті даму, - деді ол.

Оның айтуынша, қоғамға жаңаша форматта бірдеңе келетін болса, оған бірден қарсылық пайда болады.

Тәуелсіздік жастары: Мәдениет дамуы үшін халықтың өресі биік болуы керек

Сондықтан адамның ойы таптаурындарды бұзуға қауқарлы. Басында оны қоғам қабылдамаса да, уақыт өте келе ол үйреншікті нәрсеге айналуы әбден мүмкін. Сондықтан дамуда, жаңашылдық әкелуде ешқашан тоқтамау керек, - деді Әнел Кемал.

 


Өзгелердің жаңалығы