Тәуелсіз байқаушының Әдеп кодексі таныстырылды

3 Қараша 2022, 10:17
1131
Бөлісу:
Тәуелсіз байқаушының Әдеп кодексі таныстырылды
Фото: автордан

Бүгін Партиялық емес байқау орталығының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел барысында байқаушылар үшін Әдеп кодексі таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дөңгелек үстел барысында ҚР Президенттігіне кандидаттардың республикалық штабтарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сайлаудағы тәуелсіз бақылаудың рөлін, сайлау науқанының әділ өту барысын қамтамасыз етудің маңыздылығы талқыланды.

Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов тәуелсіз байқаудың мақсаты туралы айтып, алдағы сайлауға қатысушыларды елдің сайлау заңнамасының нормаларын қатаң сақтауға шақырды.

Партиялық емес байқау орталығы байқаушыларды даярлау және оқыту мәселелеріне ерекше көңіл аударады. Олар қажет болған жағдайда азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ететін заңнамалық нормаларды нақты білуі және түсіндіруі тиіс, – деді ол.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында барлық байқаушылардың іс-әрекетінің бірыңғай қағидаларын белгілеу мақсатында орталық байқаушының Әдеп кодексін таныстырды.

Кодексте "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңын сақтау, әр уақытта бейтараптылықты сақтау, азаматтардың сайлау құқығы мен бостандығын сақтау, басқа ұйымдар жұмысын құрметтеу, БАҚ-та қоғамдық пікірлерден аулақ болу, қоғамдық бақылау жүргізу мәселелері негізге алынған. 

Дөңгелек үстелге ҚР Президенттігіне кандидаттардың сенімді өкілдері қатысып, кодекстің маңызы туралы ой-пікір білдірді.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар әдеп кодексін қабылдады, оның сайлау мәдениетін арттырудағы және жалпы байқау институтын дамытудағы маңыздылығы сөз болды.

Өзгелердің жаңалығы