Таудағы алғашқы қар: Алматы өңірінде қыс ерте келе ме?

Қазіргі уақытта «Қазгидрометтің» биік тауда орналасқан жалғыз метеостанциясы – теңіз деңгейінен 3017 метр биіктіктегі Мыңжылқы станциясы.

26 Тамыз 2026, 12:14
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 26 Тамыз 2026, 12:14
26 Тамыз 2026, 12:14
86
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Алматы маңындағы тауларда қар жауғаны түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Осыған байланысты «Қазгидромет» мамандары таулы аймақтағы жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«Қазгидромет» РМК-ның Алматы және Алматы облысы бойынша филиалының метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаевтың айтуынша, қар негізінен теңіз деңгейінен 3,5 мың метрден жоғары орналасқан биік таулы аймақтарға түскен.

Бұл – мұздықтар орналасқан белдеу. Атап айтқанда, Орталық Тянь-Шаньдағы Тұйықсу секілді мұздықтар аймағы. Климаттық тұрғыдан алғанда бұл қалыпты құбылыс. Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында биік таулы өңірлерде жауын-шашынның қарға ауысуы жиі байқалады, – деді маман.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта «Қазгидрометтің» биік тауда орналасқан жалғыз метеостанциясы – теңіз деңгейінен 3017 метр биіктіктегі Мыңжылқы станциясы. Мұнда түнде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түскен.

Ал Орталық Азия өңірлік гидрологиялық орталығының деректеріне сәйкес, 3-4 мың метр биіктікте орналасқан бақылау бекеттерінде түнгі уақытта қар жауып, қар жамылғысының қалыңдығы 10 сантиметрге дейін жеткен.

Синоптик бұл жағдайдың қалыпты екенін атап өтті.

Биік таулы аймақтар үшін бұл – норма. Қазірден бастап мұндай жерлерде қар тұрақты түрде жауып, келесі көктемге дейін біртіндеп жинала береді, – деді Дәулет Кисебаев.

Мамандардың айтуынша, таудағы алғашқы қар күз мезгілінің жақындағанын білдіргенімен, бұл ерекше немесе рекордтық құбылыс саналмайды. Керісінше, мұздықтар аймағында мұндай жағдай жыл сайын осы кезеңде қайталанып отырады.

Тағы оқи отырыңыз: Алматыда күзгі ауа райы қандай болмақ? Синоптиктер маңызды болжам айтты 

Наверх