Алматыда биылғы күзде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жақын болады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ның Алматы қаласы және облысы бойынша бөлімшесінің метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, маусымдық және айлық болжамдар нақты бір күннің ауа райын емес, жалпы температуралық фон мен жауын-шашын көлемін көрсетеді.
Маусымдық және айлық болжамдар – жалпы температуралық фон мен күтілетін жауын-шашын мөлшерін көрсететін ықтималдық сипаттағы консультативтік болжамдар. Олар әр күндегі нақты ауа райын анықтамайды. Уақыт жақындаған сайын бұл болжамдар онкүндік, апталық және тәуліктік болжамдармен нақтыланады, – деді маман.
Дәулет Кисебаевтың сөзінше, қыркүйек, қазан және қараша айларында Алматыдағы ауа температурасы көпжылдық климаттық норма деңгейінде болады.
Қыркүйекте орташа температура +17,5 градус болады деп күтіледі. Бұл нормаға өте жақын көрсеткіш. Қазан айының климаттық нормасы +10,6 градус болса, қарашада орташа температура +2,9 градус шамасында болады, – деді ол.
Синоптиктің айтуынша, жауын-шашын көлемі де қалыпты деңгейде болады. Қыркүйек айындағы норма – 28 миллиметр, қазанда – 50 миллиметр, ал қарашада – 55 миллиметр.
Қыркүйекте қысқа мерзімді жаңбырлар күтіледі. Олар бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндіктің басы мен соңында, сондай-ақ үшінші онкүндіктің ортасы мен соңында болуы ықтимал. Бірақ «нормаға жуық» дегеніміз жаңбыр біркелкі жауады деген сөз емес. Ұзақ құрғақ кезеңдер де, жекелеген қатты жауын-шашын жағдайлары да болуы мүмкін, – деді Дәулет Кисебаев.
Маман Алматының әр бөлігінде ауа температурасы әртүрлі болатынын атап өтті.
Қаланың төменгі бөлігінде түнде жылырақ, ал жоғарғы бөлігінде салқындау болады. Күндіз кей жағдайларда температуралық инверсия әсерінен жоғарғы аудандарда ауа температурасы сәл жоғары болуы мүмкін, – деді ол.
Сондай-ақ синоптик қыркүйектің соңына қарай Алматының тау бөктеріндегі аудандарында үсік жүруі ықтимал екенін айтты.
Қыркүйектің үшінші онкүндігінде топырақ бетінде үсік болуы мүмкін. Алайда бұл негізінен тау бөктеріндегі және таулы аудандарға қатысты. Атап айтқанда, Каменское платосы, Бағанашыл, Ерменсай, Шымбұлақ, Медеу секілді жоғарғы аудандарда байқалуы ықтимал. Ал қаланың төменгі бөлігінде әзірге үсік болжанып отырған жоқ, – деді маман.
Дәулет Кисебаев күз мезгілінде Алматы үшін негізгі қауіпті ауа райы құбылыстарының қатарында екпінді жел, қатты жауын-шашын және тұман бар екенін ескертті.
Күзде Алматы үшін екпінді жел, қатты жауын-шашын, сондай-ақ түнгі және таңғы уақыттағы тұман қауіпті құбылыстар саналады. Біз барлық өзгерістерді алдын ала болжауға тырысамыз. Сондықтан тұрғындарға «Қазгидромет» жариялайтын болжамдар мен дауылды ескертулерді тұрақты бақылап отыруды ұсынамыз, – деді ол.
Тағы оқи отырыңыз: Қыркүйекте Қазақстанда ауа райы қандай болады?