Тауарларды қадағалау тетігі түсіндірілді

8 Шілде 2022, 21:06
1405
Бөлісу:
Тауарларды қадағалау тетігі  түсіндірілді
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыған дейін ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің әзірлеп жатқан пилоттық жобасы туралы мақалалар жарияланған болатын. 

Осыған орай МКК-де осы пилоттық жоба туралы түсіндірме берді.

Тауарлардың жекелеген түрлерінің өткізуін есепке алу жөніндегі пилоттық жоба тауарлардың, оның ішінде белгілі бір елдер кезең-кезеңімен шектеулер енгізетін тауарлардың импорты мен экспортына мониторингті жүзеге асыруға бағытталған.

Біздің негізгі серіктестеріміздің бірі ретінде Ресей Федерациясымен тығыз экономикалық қатынастарымызды ескере отырып, пилоттық жоба тауарларды Ресей Федерациясына, сондай-ақ Беларусь Республикасына өткізу кезінде мониторинг жүргізуді көздейді.

Жалпы, пилоттық жобаларды енгізу тұжырымдамасы ең алдымен салықтық әкімшілендіруді жақсартудан және бизнес жүргізуді оңайлатудан тұрады.

Мысалы, табысты пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша салық заңнамасына электрондық шот-фактуралар, салық міндеттемелерінің орындалуы бойынша азаматтық бақылау, шағын бизнес пен жеке тұлғаларға арналған мобильді қосымша, темекі өнімдерін таңбалау және т. б. бойынша нормалар енгізілді.

Бұдан басқа, өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасында ДСҰ-ның алулар тізбесіндегі тауарларды қадағалау тетігі жұмыс істейді, оның шеңберінде тізбеден ЕАЭО елдеріне тауарлар экспорты кезінде ЭШФ куәландыру көзделген.

Бұл тетік біздің ЕАЭО бойынша әріптестеріміздің алдында Қазақстан Республикасы алған міндеттемелерді орындау барысында өзінің тиімділігін көрсетті.

Тұтастай алғанда, тауарларды өткізу мониторингі бізге ЕАЭО елдерімен трансшекаралық сауда шеңберінде тауарларды, оның ішінде уақытша шектеулер қолданылатын тауарлар бойынша бақылап отыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мысалы, бізде мұнай өнімдерін, астықты, қара және түсті металл сынықтарын және кейбір тауар позициялары бойынша әкетуге уақытша шектеулер қолданылады. Оларға қатысты шектеулер енгізілмеген басқа тауарлар бойынша еркін өткізу жүзеге асырылады, әкетуге тыйым салу қаралмайды.

ЕАЭО-ның басқа елдері де олардың аумағынан белгілі бір тауарларды әкетуге шектеулер енгізуде. Мысалы, Ресей Федерациясында қант, астық және басқа да тауарларды экспорттауға тыйым салынады.

Бұл шаралардың барлығы мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және оларды ЕАЭО елдері дербес қабылдайды.

Қазіргі уақытта пилоттың жобасы бойынша бизнес өкілдерінің қарауында жатқан бірқатар ескертулері мен ұсыныстары бар.

Қарау қорытындысы бойынша пилоттық жобаны жүргізудің орындылығы мәселесі шешілетін болады, сондай-ақ мәселе барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілетін болады.

Ресей Федерациясымен тауар айналымына келетін болсақ, қаңтар-мамыр айларында өткен жылдың ұқсас кезеңіне қатысты айтарлықтай ауытқулар жоқ екенін атап өткен жөн.

Бұл ретте табиғи уран, болаттан жасалған тұтас таптамалы дөңгелектер және дизель отыны сияқты жекелеген тауар позициялары бойынша, яғни экспорт үшін дәстүрлі болып табылатын қазақстандық өндірістің тауарлары бойынша, оның ішінде Ресейге экспорттың өсуі байқалады.

Осылайша, тауарлардың жекелеген топтарының Ресей Федерациясына экспортының өсуіне қарамастан, жекелеген елдер Ресей Федерациясына экспортқа шектеулер енгізген тауарларды Қазақстан Республикасы арқылы кері экспорттау фактілері байқалмайды.

Өзгелердің жаңалығы