Қазақстан-Оңтүстік Корея тауар айналымы 3,9 млрд АҚШ долларын құрады

19 Сәуір 2019, 11:15
3234
Бөлісу:
Қазақстан-Оңтүстік Корея тауар айналымы 3,9 млрд АҚШ долларын құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Оңтүстік Кореяның Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға жасайтын алдағы мемлекеттік сапарына байланысты Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ким Дэ Сикті қабылдады, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Министр Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестіктің орнауының 10 жылдығы қарсаңындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңызды оқиғасы болатындығын атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар бірқатар маңызды іс-шараны, оның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Премьер-министрі Асқар Маминмен кездесулерді көздейтін сапар бағдарламасының ауқымдығын атап өтті.

Қазақстан-Корея бизнес-форумын ұйымдастыруына ерекше назар аударылып, оның шеңберінде бірқатар екі жақты коммерциялық құжатқа қол қою, сондай-ақ өнеркәсіп, ауылшаруашылық, инфрақұрылым, медицина және цифрландыру саласындағы бірлескен инвестициялық жобалар мен бастамалардың көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері мен Корей түбегіндегі жағдай бойынша пікір алмасты.

Қазақстан мен Корея арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың әртүрлі аспектілеріне, оның ішінде өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне тоқтап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екі жақты сауда көлемінің өсуіне ерекше көңіл бөлді, атап айтқанда тауар айналымы 2018 жылы 3,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 2,9 млрд долларға, ал Оңтүстік Кореядан импорт 922 млн долларға жетті.

2005 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде Оңтүстік Кореядан Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 5 млрд АҚШ долларын құрады. Бүгінгі күні Қазақстанда Оңтүстік Корея капиталы бар 500-ге жуық компания жұмыс істейді. Соңғы жылдары Hyundai, LG, Samsung, Lotte Confectionery, SK, Dongil Highvill сияқты компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда.


Өзгелердің жаңалығы