Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай филиалы Шыңғыстай орманшылығы Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінде қатардағы инспектор болып еңбек ететін Ғабит Рзабаеворман шаруашлығы саласының ой қырын баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғабит Қажыкеұлы, орманшаруашылығы саласында қанша жылдан бері жұмыс істеп келесіз?
Мен қатардағы инспектор болып еңбек етемін. 2004 жылдан бастап Шыңғыстай орманшылығы Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінде жұмыс істеп жүрмін. Орманды бақылау біздің міндетіміз. Кезекшілікпен күн ара орманды аралап, берілген аймаққа жауапты боламыз. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Атпен аралап, кейде жаяу жалпы таудың басына көтерілеміз. Орманды сқтап, оны көбейту үшін барынша қадағалауда ұстаған абзал. Әсіресе тілсіз жаудан сақтау парызымыз.
Жалпы жұмыс тарихыңызды айта кетсеңіз?
Қатонқарағай ауданына тиесілі Шыңғыстай ауылында Алтай тауларының етегін ала бере қаз – қатар тізілген ауыл үйлерінің арасында біздің де шағырақ орналасқан. Риддер қаласындағы агро-техникалық колледжді сәтті аяқтап, өз мамандығының қыры мен сырына әбден қаныққансоң осы орман шаруашылығы саласында қызметке тұрдым. Барынша тұмса табиғатымызды сақтап ақлуға тырысып, өлкеміздің ну-орманын қорғауға,еліміздің өркендеуіне өз үлесімді қосып келемін. Еңбек жолындағы тәжірибемді әріптестер арасында бөлісіп, мектеп оқушылары арасында да ағарту жұмыстарын ұйымдастырып тұрамын. Жалпы ауылдастарым мене МҰТП ұжымы ерекше сыйлайды. Міне жасымызда зейнет жасына да таяды.Келер жылы орынымды жастарға беріп, білгенімді балаларға үйретпекпін.
Жұмыс барысы кезінде қандай қауіп қатерлер кездеседі?
Айтарлықтай үлкен қауіп-қатер төнген емес. Біздің бір тілегіміз өрттен аман болсақ деген ниет. Өрт кезінде бәріміз абдырап қаламыз. Енді өркендеп келе жатқан көшеттер мен түрлі ботаникалық өсімдіктер шіріп кетеді. Маңайдағы аңдарға да обал. Бәрі абдырып, орманды басына көтереді. Бұл табиғи парктің тамашасы көп қой. Таудың басында өртті өшіру өте қиын. Мен ең алғаш 2006 жылы Марқакөлмен Қытаймен шекара маңындағы өрт сөндіру оқиғасына куә болдым. Сонда брімізді ұшақпен апарды. РЛО апараратымен су шашып өшіреміз. Табиғаттың тосын сыйын адамзат болжай алмайды. Ондай техника шетелде болмаса, біз де әлі жоқ. Біртіндеп парктің көліктері жаңарып жатыр. Алдағы уақытта орманшыларға қажет құрал жабдықтар да жаңарып, жаңғырады деген ойдамын. Тау басындағы өртті сөндіруге тәуір техника керек
Орман ішіндегі өрт оқиғаларын қалай алдын ала анықтайсыздар?
Ондай техника әзірге келмеді. Көбіне өрт оқиғаларына екі фактор әсер етеді. Біріншісі табиғи факторлар. Онда найзағай ойнап, орманға түсуі мүмкін. Таудың басына түскен жарқыл жалындап өртке ұласады. Осы сәтте қиынға соғады. Бірақ мұндай оқиғалар сирек болады. Одан кейін күннің күрт ысуы. Шілденің шіліңгір ыстығында, тамыздың ми қайнатар күнінде шіріген ағаштар, шөптер тұтанып өтрке ұласады. Осы кезде таудың басын қара түтін басып, бәірімізге дабыл қағылады. Шама бар жабылып өшіреміз. Ондай кезде орманшының адасып кетуі, жалынға тұншығуы болуы мүмкін. Сондықтан барынша қауіпсіздікті сақтап, орманды сақтап қалуға тырысамыз. Ал екіншіден адами факторлардың салдары да бар. Онда демалушылар келіп, темекінің тұқылын, болмаса от жағып, оны сөндірмей кетеді. Сол кезде орманға қауіп төнеді. Біз бәрін бақылау арқылы білеміз. Арнайы биік тұғыр орнатылған. Одан бөлек бақылау пунктері де бар. Үш адам кезек пен кезек бақылап отырады. Алысқа дүрбі салып, рациямен хабарлайды. Ұялы телефон етекте ұстағанымен, жоғары жақта ұстамайды. Заманауи апараттар қажет.
Заманауи апараттар қажет деп қалдыңыз, жалпы орман паркі қаншалықты жаңарды? Жаңа технология енгізілді ме?
Біз мәселен таңертең сағат 7-8-лерде канторға жиналамыз. Басшылар орманшылыққа нұсқау жазады. Сол нұсқауға сай атпен аралаймыз. Мәселен арнайы бақылаушы аттар парктегі барлық қызметкерге жетпейді. Кейбірі өз аттарын пайдаланады. Ауа райы өте құрғақ болған кезде өрт қаупі жоғары болғандықтан бәріміз от шығама деп қорқамыз. Сондай сәттерде орманды толық аралап, қауіпті аймақтарды әбден зерттейміз. Таудың ұшар басына техника бара алмайды. Оған арнайы ұшақ қажет. Үлкен көліктің өзі жете алмайтын жерлер бар. Ол аймақтарға арнайы ұшақ немес атпен баруға болады. Әзірге көліктер келіп жатыр. Ал өрттің алдын алатын апараттар келген жоқ.
Кейінгі кезде елімізде өрт оқиғасы жиі болуда. Бұған өрт сөндіру құралдары жетіспейді, байланыс құралдары нашар деген сын тағылып жатыр. Қазір өзгеріс бар ма?
Бұл жерде түрлі факторларды мысалға алуға болады. Біріншіден адамдардың салғырттығы, ісіне немқұрайлы қарайтыны, жалынның алдын алмайтыны да бар. Екіншіден техниканың бүтіндігі, шамасы жетпейтінін де мысалға алуға болады. Өрт бір тұтанса қанша адам болса да дес бермейді. Оған үлкен техника қажет. Қаншама өрт сөндірушілер қаза тапты. Орманның ішін көк түтінбасқанда адам сасқалақтап қалады. Жететін жеріне жете алмай дал боласын. Оның бәрі сырт көзге оңай. Алайда өрт ішіндегі ауа да жоқ, киімді қысады. Ыстық киімнен өтіп кетеді. Қашқанмен соңынан қуалап жетіп алады. Заманауи құралдар біртіндеп толығып жатыр. Алдағы уақытта сала толықтай жаңғырады деп ойлаймын. Білікті мамандар да ауадай қажет.
Маман деп қалдыңыз, осы орман шаруашылығына мамандар жетіспей жатыр дегенді естиміз. Бұл қаншалықты рас сөз?
Оқу бір бөлек, тәжірибе жина бір бөлек. Орман саласында біліммен бөлек, үлкен тәжірибе де керек. Дипломмен келген маман іске араласпай, құр оқығанымен жақсы орманшы боламын деп ойласа қателеседі. Кемі 2-3 жыл істей жүріп, орманның қыр-сырын меңгереді. Бізде жас мамандар біртіндеп келіп жатыр. Оларға барынша білгенімізді үйретіп жатырмыз. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен айлығымызды көбейтіп, біраз мамандарға серпін берді. Бұрынғыдай емес орман саласында істеймін деген жастар көбейіп келеді.
Жалпы, елі ішінде табиғат көнермес үшін, орман саласы даму үшін не істеу керек?
Болашақ табиғат сақшыларына бағыт-бағдар беруден жалыққан емеспін. Еңбек еткен адамға бұл заманда барлығы қолжетімді. Тек еңбекпен және адамгершілікті іс – әрекетпен ғана мақсатыңа жетесің. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, балаларыма да осы сөздерді санасына сіңіруге тырысамын. Өмірді ізгілік пен игілікті істерге толтыру үшін ерінбей еңбек ету керек. Орманшаруашылығы саласы еңбекқорлық пен үлкен төзімділікті қажет ететін сала. Еңбекқор жандар көбейе берсе, еліміздің болашағы нұрлы, өмірлері мәнді де сәнді болары сөзсіз. Келер жылы бұйырса зейнетке шығамын. Осы күні білгенімді барынша ізімді басқан жастарға үйретіп жүрмін.
Әңгімеңізге рақмет!