Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Татарстанда болған жағдай еліміздегі білім ордаларының қауіпсіздігін күшейтуге назар аударуды талап етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептердің қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда бірқатар кемшіліктің беті ашылды.
Бейнебақылау ортанылған 7440 мектептің 45 пайызы бекітілген стандарттарға сай келмейді. Мектептердің тек бес пайызы өткізу пункттерімен жабдықталған. Білім ордаларының тек алты пайызы жеке күзет ұйымдарының күшімен қорғалады. Және сегіз пайызы «қауіп» сигналының батырмасымен қамтамасыз етілген, - деді ол.
Министрдің айтуынша, білім ордаларындағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында мамыр айында Үкімет мектептердегі антитеррористік қауіпсіздіктің жаңа талаптарын бекітті.
Ішкі істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, мектепке алып кіруге болмайтын заттар тізімін жасады. Бұған дейін елде мұндай тізім болмаған. Олардың қатарында қару, пышақ, жарылу қауіпі бар заттар, аэрозольді бояулар, газ баллондары мен пиротехникалық заттар бар. Бұйрық Әділет министрлігінде тіркеуден өтуде. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жеке қүзет фирмаларына қойылатын талаптар күшейтілуде, - деді министр.
Мектептердегі қауіпсіздікті күшейту үшін Ішкі істер министрлігі жергілікті әкімдіктер алдына білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін талаптарға сәйкестендіру міндетін жүктеп отыр. Ол үшін мектептерді қауіпсіздік инфрақұрылымымен толықтай қамтамасыз ету, мектептерге жеке күзет фирмасын тарту, оқушылар мен педагогтерді төтенше жағдай кезіндегі әрекет етуге дайындау. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу, оқушыларды үйлеріне дейін жеткізіп салу қызметін кіріктіру шараларын енгізу жөніндегі ұсыныстар енгізілді.