Тасқыннан зардап шеккендердің салық міндеттемелері 1 шілдеге дейін шегеріледі

15 Сәуір 2024, 12:47
186
Бөлісу:
Тасқыннан зардап шеккендердің салық міндеттемелері 1 шілдеге дейін шегеріледі
Фото: pixabay.com

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Ашық НҚА» порталында тасқыннан зардап шеккен адамдардың салық төлемдерін реттейтін бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Комитет ұсынып отырған уақытша шаралар жергілікті әкімдіктер тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгізген салық төлеушілерге ғана қатысы бар.

Ол шаралар мынандай:

1) төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде жалғасатын, барлық салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, әлеуметтік төлемдер мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру ұсынылып отыр;

2) 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде жалғасатын салық есептілігін тапсыру мерзімдері 2024 жылғы 1 шілдеге ауыстыру ұсынылып отыр;

3) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдау 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру;

4) орындау мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту ұсынылып отыр.

Бұл ретте тоқтата тұру мерзімі тексеру мерзіміне және талап қою мерзіміне қосылмайды. Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелердің өсімпұлын есептеу 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын, - делінген бұйрық жобасында.

Құжат жобасы 29 сәуірге дейін ашық талқылауда болады.

Өзгелердің жаңалығы