Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Грузияның сақтандыру саласындағы ортақ әлеуеті артты. Ташкентте 4 мемлекеттің өкілдері бас қосып, «Тұран» меморандумына қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Құжат халықаралық қайта сақтандыру сыйымдылығын 45 млн долларға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Келер жылы бұл көрсеткішті 100 миллион долларға жеткізу ойда бар. Игі іске Орталық Азия мен Кавказ елдерінің жетекші компаниялары қосылды. Жалпы аталған дамушы нарықта арзан әрі сапалы сақтандыруға сұраныс өсіп келеді. Осы себепті қаржылық қызметті реттеуші мекемелер бұл істе бірігуді жөн деп тапқан. Ол үшін біркелкі баға саясатын енгізіп, көрсетілетін қызмет пен сапаны үйлестіреді.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан компаниялары енді қымбат шетелдік сақтандыру полисін емес, тиімді шарт аясында отандық өнімге қол жеткізе алады. Меморандумға алдағы уақытта Түркия, Қырғызстан Тәжікстан және Түрікменстан қосылуға ниеттіЕгер жеке немесе заңды тұлға бизнесін халықаралық нарықта кеңейтуді ойласа, меморандумға қатысушы елдегі компанияның бірыңғай шарттарын қолдана алады. Бұл оған айтарлықтай пайда әкеледі. Егер орташа есеппен 25 мың доллардың жеке мүлкін сақтандыру қажет болса, бір жылдық төлем бар болғаны 25 доллардың шамасында болады, - деді сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Әбдір.