Тасболат, үйге оралшы...

22 Желтоқсан 2019, 10:33
3039
Бөлісу:
Тасболат, үйге оралшы...
Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тағдыр жолында түрлі жағдайға тап болған адам жақынынан көз жазып қалады. Олардың бірі – қиындық көріп тағдыр тауқыметін тартса, енді бірінің туыстарына хабарласу мүмкіндігі болмады. 

Әр қоңырауда үміт, әр хатта өтініш бар. Өйткені, бізге жолдаған хаттың бірін анасын іздеген бала жазса, енді бір хат керісінше баласын жоғалтып алған анадан келеді. Сондықтан, төмендегі хаттарда аты-аталған адамдарды танысаңыздар немесе олар туралы қандай да бір дерек білсеңіздер, бізге хабарласыңыздар. 

 Хат қоржыны:  

1. Мен Бауыржан Қылбеубауов Түркістан облысы Кентау қаласынан хат жазып отырмын. Мен "Бармысың, бауырым?" хабары арқылы әскери борышымды бірге өтеген досымды іздеп тапсам деймін. Досымның аты-жөні Ерғали Мамырханов, 1978 жылғы Жамбыл облысы Ақбұлақ ауылының тумасы болуы мүмкін. Орта бойлы, қараторы жігіт.  

2. Мен Жүнісбике Нұрмағамбетова Ақтөбе облысынан хат жазып отырмын. Туған ағам Тасболат Бегалиевті іздеймін. Ол 1952 жылы Ақтобе облысында туған. Әке-шешеден бір ұл, үш қыз едік. Екі апам дүниеден озды. Жалғыз ағамды тауып, табысқым келеды. Ағам 2013 жылғы күзде жұмыс істеймін деп Ақтөбе қаласының теміржол вокзалынан жол жүріп кетті. Сол күннен бері ағамды көрген жоқпын. Полицияга хабарласқан жоқпын, келер деп ойладым. Ағамды көбі "Болат" дейтін, сол қолында "Наташа" деген жазу бар. Тасболат, аман жүргеніңді сеземін. Үйге оралшы. Сен келеді деп күтіп жүргеніме 6 жыл болды...  

3. Ассалаумағалейкум! Мен Мұханбетжан Құрмангалиев Атырау облысынан хат жолдап отырмын. Ағам Қадырғали Құрманғалиевке іздеу саламын. Ағам 1944 жылы 5 қаңтарда туған. Соғысқа кеткеннен оралмаған екі ағасын іздеп жүруші еді. Міне, өзін де жоғалтып алдық... Ағамыз 2018 жылғы 9 қыркүйекте үйден шығып кетіп, адасқан. Көшеде жолыққан бір адам: "Ақсақал, адасып жүрсіз бе, үйіңізге жеткізейін» десе, ағам мекенжайын ұмытып қалыпты. Содан әлгі кісі фотоға түсіріп инстаграм желісіне жариялап, Илецский Ішкі істер департаментіне жеткізіп, кезекші полицияға адасып жүргенін  айтып калдырып кеткен. Үйдегілер келіп ағамның жоқтығына көздері жетіп, Ішкі істер департаментіне барған, кезекші қызметкер "ағай есіктің алдында отыр" деп қараса, ағамыз кетіп қалыпты, содан бері жоқ. Іздеу салғанымызға біраз болғанымен, нәтижесіз. Ағамыздың сол жақ көзі сәл жұмылыңқырап тұрады. Сол қолының басбармағында "Қ" деген әріп жазылған. Қараторы, бойы шамамен 160 см, қарттық ұмытшақтығы бар. Жоғалган кезде 10 күндей әр жерден көргендер болды, бірақ, таба алмадық. Біз ағамызды күтіп жүрміз, көргендер болса, ағамыз туралы қандай да бір ақпарат білетін адам болса, Қазақ радиосының "Бармысың, бауырым?" хабарына хабарласыңыздар. Көп рахмет.  

Өзгелердің жаңалығы