Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тарихта қазақтың дауға ұшырамаған тұлғасы жоқ. Әсіресе кеңес кезеңдегі идеология мүмкіндігінше біздің тұлғаларды азайтуға, олардың ықпалын әлсіретуге тырысты. Бұл туралы тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді Алматыда өтіп жатқан "Отан тарихындағы тұлғаның рөлі" атты конференцияда айтты.
Трихшының айтуынша, қазіргі заман екі бағытта терең өзгеріске ұшырап отыр.
Біріншіден, қоғамдық сана өзгеріп отыр, екіншіден сол қоғамдық санаға негіз болатын тарих ғылымы өзгеріске ұшырап отыр. Қоғамдық сана ғылыми негізде, ғылымға сүйеніп дамыған жағдайда ғана жемісті болады. Қазір тарих ғылымы қоғамдық санаға жұмыс істеп отыр, - дейді ол.
Сөз арасында ол, елімізде "Ұлы даланың – ұлы тұлғалары" деген жоба қолға алынғанын және ғалымдар осы бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты.
Тіптен, ары бармай-ақ қояйық, 18, 19 және 20 ғасырда біздің ұлттық тарихымызда тер төгіп, еңбек еткен қаншама тұлғалар ұмыт қалды. Қаншама тұлға осы уақытқа дейін ескерусіз қалып келе жатыр. Сондықтан мұндай жоба біз үшін қажет. Өйткені халқымыз өткен тарихын білу керек, - дейді тарихшы.
Сонымен қатар ол, осы уақытқа дейін Алаш қозғалысының ірі тұлғалары жайлы көп айтып жатқанын, алайда соларға үлкен күш берген, қолдау жасаған қалың көпшілікті түгендей алмай жатқанымызды айтты.
Алаш қозғалысына қолдау жасаған тұлғалардың бәрі репрессия құрбаны болды. Оларың өмір жолына қатысты құжаттар әлі де болса жабық күйінде жатыр. Бұл өкінішті жағдай. Осындай конференциялар ұлы тұлғаларды жарыққа шығаруға, олардың мәлім емес өмір жолын халыққа жеткізуге әсері болады, - деді М. Қойгелді.
Бұған дейін аталған шараны "Н. Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласын жүзеге асыру аясынада Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты өткізіп жатқанын хабарлағанбыз.