Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Орталық мемлекеттік архиві биыл Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне еніп, "Мәдени мұра" мәртебесіне ие болған.
Орталық мемлекеттік архивінің директоры Арнұр Қарымсақов салтанатты іс-шара барысында архивтің құрылу тарихы тереңде жатқанын айтып өтті.
Архив 1921 жылы 1 қыркүйекте қазақ елінің сол кездегі астанасы Орынбор қаласында құрылған, кейін Қызылордаға, онан соң 1927 жылы Алматыға ауысты. Архив қорында 16-21 ғасырындағы еліміздің тарихын қамтитын 1,5 миллионға жуық сақтау бірлігі бар. Ал мына 1960 жылдардың басында салынған ғимарат құрылысының өзіне тән ерекшелігі бар. Ол арнайы жоба бойынша әзірленген, яғни архивтік қағаз, аудиовизуалды және тағы басқа құжаттарды сақтау режимдері қарастырылған, - дейді ол.
Елімізде екі жарым мыңдай маңызы бар тарихи ескерткіш бар болса, оның 200 жуығы республикалық маңызға ие екен. Архив маңызы бар ескерткіштер қатарына қосылған соң бюджеттен қаражат бөлініп, ғимаратқа жөндеу жұмыстары жасалыпты.
Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен ел Тәуелсіздігінің құрметіне Орталық мемлекеттік архив ауласына шырша ағашы отырғызылып, архивтің жаңа оқу залы таныстырылды.
Мамандардың айтуынша, ғимараттың оқу залында еліміздің белгілі ғалымдары Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Ермұқан Бекмахановтар архив құжаттары негізінде қазақ елінің тарихын, геологиялық, археологиялық қазба байлықтарын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше монография жариялаған.