Тарихшы Талас Омарбеков өмірден өтті

6 Желтоқсан 2021, 22:00
1820
Бөлісу:
Тарихшы Талас Омарбеков өмірден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков өмірден өтті.

Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Қайран Талас ағамыз Хаққа қауышыпты. Тарихшылардың тірегі еді, ақтаңдақтарға алғаш барғандардың бірі еді, ірі еді…, – деп жазды ол.

Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысының Байзақ ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген.

Орта мектепті бітіргеннен кейін ол Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетіне оқуға түседі.

Кафедрада болашақ тарихшы «Ежелгі және ортағасырлар тарихы» бойынша білім алған. Тарих факультетін бітіргеннен кейін 1971 жылы ол Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1972 жылдан бастап Талас Омарбеков өзі еңбек ететін Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Чапаев атындағы орта мектепте өзі қазба жұмысын жүргізген ортағасырлық елді мекендер негізінде «Тарих және археология» мұражайын ұйымдастырды. Бұл туралы кезінде республикаға белгілі ғалымдар К. Ақышев, Т. Тұрлығұлов және т.б. өз еңбектерінде жазды. Сонымен бірге 1972 жылдан бастап Т.Омарбеков Республикалық баспасөз беттерінде тарихты оқыту әдістемесіне, тарихпен тәрбиелеуге арналған өзінің көлемді мақалаларын жариялай бастады.

Республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде және «Қазақстан мектебі» журналында оның осы мәселелерге байланысты еңбектері жүйелі түрде жарияланды.

1977 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына қабылданды. 1982 жылы ол колхоз құрылысы тарихына арналған кандидаттық диссертациясын Киров атындағы ҚазМУ-де қорғады. 1991 жылы Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде ҚазМУ) тарих факультетіне доценттік қызметке шақырылды. 1991-1995 жылдар аралығында ол осында қажырлы да жемісті еңбек етіп, жаңа зерттеулер жасады.

Оның қазақ тарихының өзекті мәселелеріне арналған 7 монографиялары мен кітаптары, 200-ден астам ғылыми еңбектері белгілі. Солардың ішінде «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» (1997), «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселері» (2001), «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» (2004) секілді танымал еңбектері бар. 

Ол Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» екі рет марапатталды. Еңбектері ескерілген ғалым 1997 жылы ҚР-ның әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі болып сайланды.

Өзгелердің жаңалығы