Тарихқа кеш оралған есім: Кенжебай Мәденовтің ерлігі қалай мойындалды?

Майдангер қаһарман Кенжебай Мәденовтің ұлы көпшілік біле бермейтін естеліктермен бөлісті

 Ақорда 10 Мамыр 2026, 17:35
10 Мамыр 2026, 17:35
37
Фото: Ақорда

Соғыстан аман оралған адамдардың өмірі көбіне үнсіз өтеді. Олар көргенін көп айта бермейді, бастан кешкенін батырлыққа баламайды. «Халық қаһарманы» Кенжебай Мәденовтің өмірі де дәл сондай тағдырлардың бірі. Оның есімі соңғы уақытта қайта жаңғырып, ел көлемінде айтыла бастағанымен, отбасы үшін ол ең алдымен шаңырақтың тірегі, балаларына білім мен тәртіпті үйреткен әке болып қалды. Майдангердің ұлы Махамбет Мәденов әкесінің көпшілікке беймәлім қырларын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соғыс жайлы көп айтпайтын

Кенжебай Мәденовтің балалары әкесінің майдандағы ерлігін өз аузынан жиі естіп өскен жоқ. Керісінше, ол үйде соғыс тақырыбын қозғамауға тырысқан.

Махамбет Мәденовтің айтуынша, әкесі өзін ешқашан батыр ретінде көрсетпеген.

Әкем өте сабырлы, қарапайым адам болатын. Біз оны қатты сыйладық. Бірақ ол үйде көп болмайтын. Қызмет бабымен жиі іссапарға кететін. Соған қарамастан бізге көңіл бөлуге уақыт табатын. Ең бастысы – оқуға деген көзқарасты қалыптастырды. Үйде үнемі газет-журнал жататын. Кітапқа жақын болдық. Әкем балалардың білімді болғанын қалады. Бізді ешқашан қатты жазаламайтын. Мүмкін, біз де оны ұятқа қалдырмауға тырысқан шығармыз. Өзім мектепті түгел үздік оқыдым. Әкем ешқашан “мен соғыста мынаны істедім” деп кеуде қаққан емес. Қазір ойласам, нағыз ерлік – даурығып айтуда емес екен, – дейді ол.

Мәденовтер әулетінде жеті бала тәрбиеленді. Бүгінде олардан тараған ұрпақ бірнеше буынға жеткен үлкен әулетке айналған.

Майданға өз еркімен кеткен

Кенжебай Мәденов соғысқа 1943 жылы аттанған. Жасы әлі кәмелетке толмағандықтан, оны бірден майданға жібермей, офицерлік дайындық курсына алады.

Ұлының сөзінше, ол жерде болашақ жауынгерлерге әскери тактикадан бастап, қарумен жұмыс істеуге дейін үйреткен.

Кейін дәл сол дайындық оның өмірін сақтап қалғандай әсер қалдырған.

Кенжебай Мәденов соғыс жылдары Украина, Молдова, Польша бағытындағы шайқастарға қатысып, Берлинге дейін барған. Оның әскери жолында Яссы-Кишинев операциясы, Варшава үшін шайқас және Берлин операциясы бар.

Әсіресе Берлиндегі ауыр ұрыстар отбасы жадында ерекше сақталған.

Жуков жазған қазақ офицері

Кенжебай Мәденовтің ерлігі кейін тарихи еңбектерде де көрініс тапқан. 1948 жылы жарық көрген «Берлинді шабуылдау» кітабында оның қатысқан ұрыстары сипатталған.

Сол шайқастарға қатысқан Константин Громов өз естелігінде қазақ офицерінің әрекеттерін арнайы атап өтеді.

Кейін Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков та мемуарында Кенжебай Мәденов туралы жазған.

Махамбет Мәденовтің айтуынша, әкесі қоян-қолтық ұрыста да ерекше батылдық көрсеткен.

Кейін құжаттардан оқыдым. Бір неміс солдаты әкеме тап берген екен. Әкем жалтарып кетіп, оның пышағын жұлып алып қарсы қолданған. Кейде ойлаймын, офицерлік дайындық оған көп көмектескен шығар. Өйткені ол өте шыныққан адам болған, – дейді ол.

Соғыстан кейінгі қызмет

Майдан аяқталған соң Кенжебай Мәденов мемлекеттік қауіпсіздік саласында еңбек еткен. Әуелі Оралда, кейін Гурьевте қызмет атқарған.

Қызметтестері оны өте шапшаң, талапшыл адам ретінде еске алған.

Ардагерлердің бірі “Кенжебай баспалдақпен ешқашан жай көтерілмейтін” деп айтып отыратын. Үнемі асығып жүретін, өте жинақы адам болған екен. Соғыста аман қалуына да осы мінезі әсер еткен сияқты, – дейді ұлы.

Кенжебай Мәденов 1974 жылдың желтоқсанында дүниеден өтті. Ол кезде жасы елуге де толмаған еді.

Отбасы мүшелері оның денсаулығы соңғы жылдары күрт нашарлағанын айтады.

Есімі арада жылдар өткенде қайта аталды

Көп жыл бойы Кенжебай Мәденов туралы мәліметтер негізінен өңірлік деңгейде ғана айтылып келді. Оның ерлігі жайлы мақалалар шыққанымен, республикалық деңгейде кеңінен танылмаған.

Кейін зерттеушілер, архив қызметкерлері, журналистер мен ардагерлер құжаттарды қайта қарап, майдангердің тарихтағы орнын дәлелдеуге кіріскен.

Махамбет Мәденов бұл жұмысқа атсалысқан жандардың бәріне ризашылығын білдірді.

Бұл – біздің отбасы үшін өте маңызды оқиға. Әкемнің есімі ел деңгейінде қайта айтылып жатқанына қуаныштымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамыз. Сонымен бірге архивте жұмыс істеген мамандарға, зерттеушілерге, журналистерге, ардагерлер ұйымына ризамыз. Әкемнің ерлігі бір күнде мойындала салған жоқ. Оның артында үлкен еңбек тұр, – дейді ол.

Әке жолы

Махамбет Мәденовтің өзі де өмірінде ерекше сәйкестікке кезіккен.

Институттан кейін әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста қызмет етіп жүрген кезінде ол әкесі соғысқан әскери бөлімнің тарихы жазылған стендті көреді.

Онда Украинадан Берлинге дейінгі әскери бағыттар көрсетіліп, батырлардың суреттері ілінген.

Солардың ішінде кейін естелік кітап жазған Константин Громовтың да фотосы болған.

Сол сәтте әкемнің майдан жолы жай ғана отбасы тарихы емес екенін түсіндім. Бұл тұтас буынның тарихы екен, – дейді ол.

Бүгінде Мәденовтер әулеті үшін Кенжебай Мәденовтің атының қайта жаңғыруы – тарихи әділдіктің орнауы ғана емес, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тағдырдың елге қайта оралуы.

Еске салайық, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Берлинге ту тіккен батырға "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Наверх