Тарихи отанына оралғысы келетін қазақтардың саны күрт артты

Тарихи отанына оралғысы келетін қазақтардың саны күрт артты
PHOTO
1697

Қазақстан егемен ел атанғаннан бері 1 млн-нан астам қазақ атажұртына оралды, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Шет елдердегі қандастарды қолдау мақсатында құрылған «Отандастар» қоры арқылы жыл басынан бері 11 мыңнан астам қазагөз атамекенге келіп қоныстанды. Мамандардың айтуынша биыл елге оралғысы келген қазақтар саны күрт көбейіп отыр. Оған кейбір мемлекеттер арасындағы қақтығыстар себеп.

Былтыр «Отандастар» коммерциялық емес қоры Солтүстік Қазақстан өңіріне Ираннан бір топ қандас қоныс аударды. Олардың басым бөлігі Есіл ауданында тұрып жатыр. Атажұртын жылдар бойы аңсап жеткендердің бірі Мәриям Қазақ. Шетелдік дипломмен бір жылдан бері жұмысқа орналаса алмаса да өз күнін өзі көріп отыр. Жалға берілген үйдің кем-кетігін де өзі істеп алған.

Жұмыстың орайы келмей жатыр. Өзім киім-кешек, төсек жабдықтарын тігіп, тәтті пісіріп сатып жүрмін. Қазір біртіндеп тапсырыс көбейіп келеді. Иранда қар атаулыны көрмегенбіз. Бір ай бойы пеш жағуды үйрену қиын болды. Қазір сол істің маманындай болып алдым. Орыс тілін білмегендіктен кейде қиналамыз. Дегенмен былтырғымен салыстырғанда біраз үйреніп қалдық. Екі балам мектепке бірден үйренісіп, жаңа достар тауып алды. Кейде әзілдеп «Иранға қайтайық» десем, Қазақстаннан, осы Петровка ауылынан кеткісі жоқ. Олар парсы мектебінде білім алып келген. Бір сыныпты екінші рет оқуға тура келді. Қазір екеуінің де сабақ үлгерімі жақсы, - дейді Мәриям. 

Қолөнерші грант алып, өз ісін ашуды армандайды. Тиісті құжаттарын да жинап қойған. Тек әкімдік жауабын күтіп жүр. 

Қандастар елге орылып, жақсы өмір сүріп кету үшін біз қол ұшын беріп, барынша жағдай жасауға міндеттіміз. «Отандастар» қоры ақпараттық қолдау көрсетеді. Ал жергілікті әкімдіктер әлеуметтік көмек жасайды. Біз шелелдердегі қазақтармен үнемі байланыстамыз. Тарихи отанына оралғысы келетіндер көп. Көпшілігі оңтүстік өңірлерде тұрғысы келеді. Ол жақта халық тығыз орналасқан Сондықтан Солтүстік Қазақстанға келушілерге үй беріледі, - дейді «Отандастар» қоры ақпараттық қолдау департаментінің атқарушы директоры Гүлмира Нұрбаева.

Иманқұл мен Пазилат Пірімқұловтар 2004 жылы Өзбекстаннан Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударған. Қазір ерлі-зайыптылар 5 баладан 18 немере сүйіп отыр. Отағасы 15 жыл бойы жергілікті колледже оқытушы болған. Зейнетке шыққан соң шайхана ашыпты. Жанындағы 18 сотық жерге бау-бақша егеді. Биыл ауа райы бағбандар үшін қолайлы болды. Жер-ана өнімді молынан берді. 

Орамжапырақтардың салмағы кейде 15 келіге дейін жетеді. Шайханада өз өнімімізді пайдаланамыз. Артылғаны сатылады. Сәбіз, қияр, картоп, бұрыштың түр-түрін ектік. Қысқасы оңтүстікете не өссе, солтүстікте соны егуге болады. Теріскейдің топырағы құнарлы. Ешқандай тыңайтқышсыз бәрі өсе береді, - дейді Иманқұл Пірімқұлов. 

Соңғы жылдары Қазақстанға оралған азаматтардың 70 пайызы Өзбекстаннан, 10 пайызы Қытайдан, 7 пайызы Түркіменстаннан, 4 пайызы Моңғолиядан келген. Этникалық қазақтардың дені Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарында тұрып жатыр. 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы