Тарихи мұраны келер ұрпаққа жеткізу: Алматыда мәдени құндылықтарды сақтау мәселесі талқыланды

5 Қараша 2026, 15:57
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина 5 Қараша 2026, 15:57
5 Қараша 2026, 15:57
109
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

3-5 қараша аралығында Алматыда Ислам әлемінің мәдени мұрасын сақтау және басқару мәселелеріне арналған ИСЕСКО-ның екінші өңірлік семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«Тізімге енгізуден тұрақты басқаруға дейін» (From Inscription to Sustainable Governance) тақырыбындағы іс-шараны Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) Ислам әлемінің дүниежүзілік мұра орталығы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп ұйымдастырған.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов үш күн бойы өткізілген семинардың маңызын атап өтті. 

Ең алдымен үш күн бойы мазмұнды пікір алмасқан қатысушыларға алғыс айтамын. Семинар барысында мәдени мұраны түгендеу, номинациялық құжаттаманы әзірлеу, мұраның айрықша құндылығын негіздеу, сондай-ақ мұраны сақтаудың тиімділігін қалыптастыру жан-жақты қарастырылды. Бұл тақырыптар бүгінгі таңда ерекше өзекті. Себебі мәдение мұраны сақтау жекелеген мемлекеттердің ғана емес, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың жауапкершілігі. Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның тарихи және мәдени байланысы ерекше. Осы мұраларды бірлесіп зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстардың маңызы зор, - дейді Айбек Сыдықов. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Материалдық емес мәдени мұра комитетінің мүшесі Жанерке Наурызбаева мәдени мұра саласы бойынша сарапшыларды дайындау оңай жұмыс емес екенін айтады. 

Семинарға Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан секілді елдерден мамандар келіп, сарапшыларды оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан да, Орталық Азия елдері де мәдени мұраға бай. ИСЕСКО тізіміне кіргізу үшін алдымен осылай сарапшыларды оқытады. Ол оңай шаруа емес. Бұл салада сарапшылар көп деп айта алмаймын. Оның жұмысы да оңай емес. Қазіргі таңда материалдық емес мәдени мұрамызда 4 номинация бар. Оның ішінде, тоғызқұмалақ, ортеке, қармақшы жыраулар және ою-өрнек бар. Былтыр жыл басында соңғы екі номинациямыз өтті, - дейді Жанерке Наурызбаева. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Семинарға Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның мемлекеттік органдарының өкілдері, мәдени мұраны қорғау саласының мамандары, ұлттық үйлестірушілер мен тарихи-мәдени нысандардың басшылары қатысып жатыр.

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, қолжазба және текстология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Жұмашай Сайлауқызы семинар барысында мәдени мұра нысандарының ұлттық тізімдерін қалыптастыру, оларды халықаралық деңгейде таныстыруға арналған құжаттарды әзірлеу, нысандардың бірегей құндылығын анықтау және ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз ететін басқару жоспарларын жасау мәселелері талқыланып жатқанын атап өтті. 

Семинар барысында ИСЕСКО көлеміндегі материалдық емес мәдени мұраны және материалдық мұраны енгізу жөнінде нақты ұсыныстарды тыңдадық. Сонымен қатар, семинарға қатысушы бес елдің семинарда ұсынатын нақты жобаларын талқылап жатырмыз. Одан бөлек, бір-бірімізбен ынтымақтастық орнаттық, - дейді Жұмашай Сайлауқызы. 

Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты – өңір елдерінің мәдени мұра нысандарын анықтау, құжаттау, сақтау және басқару бағытындағы кәсіби әрі институционалдық әлеуетін арттыру. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай тәжірибе алмасып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Бұдан бөлек, қатысушылар мәдени мұра нысандарын басқарудың практикалық тетіктерін қарастырып, мамандардың біліктілігін арттыру және өңір елдерінің тәжірибесімен бөлісуге басымдық берді.

ИСЕСКО бас директоры, доктор Салим бин Мұхаммед әл-Мәлик мәдени және өркениеттік мұраны сақтау мен қалпына келтіру саласындағы әлеуетті нығайту мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сарапшылардың сөзінше, Алматыда өткен семинар Қазақстанның мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауға және Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы кәсіби байланысты дамытуға мүдделі екенін көрсетті.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Шара соңында семинарға қатысқан қазақстандық және шетелдік сарапшыларға арнайы сертификат табысталды. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх