Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тарихи, мәдени және рухани құндылықтарды насихаттайтын әдеби шара

9 Сәуір 2025, 17:28
3251
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Астана қаласында, 11 сәуір күні сағат 14:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толуына орай оның "Үш томдық таңдамалы шығармаларының" таныстырылымы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл шараны ҚР Жазушылар одағының Астана бөлімшесі мен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Мағаз Разданұлы (1924-1998) – Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы, драматург, ақын. "Алтай ақиықтары", "Ата заман сөйлейді" тарихи романдардың, "Асулар толғауы", "Уақытқа жауап" жыр-толғаулардың, "Сары бел" атты өлең-романның және басқа да көрнекті шығармалардың авторы.

Жазушының тағдыры ХХ ғасырдың саяси-әлеуметтік қыспағымен тікелей байланысты. Қытайдағы "Мәдениет төңкерісі" деп аталған дүрбелең кезінде ол 20 жылға жуық уақытын түрмеде өткізіп, 1978 жылы ғана толық ақталды. Кейін туған жері – Буыршын ауданында мәдениет саласында қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысты. Оның әдеби мұрасы қазақ руханияты үшін аса құнды болып табылады.

Бұл шараның басты мақсаты – Мағаз Разданұлының шығармашылық мұрасын қазіргі қазақ оқырманына кеңінен таныстыру, оның тарихи және әдеби еңбектерінің мән-маңызын айқындау. Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар жасалып, естеліктер айтылып, оның еңбектері әдебиеттанушылар, жазушылар мен зиялы қауым тарапынан талқыланады.

Шараға ҚР Жазушылар одағының басшылығы, белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер мен оқырмандар қауымы қатысады деп күтілуде.

Бұл – тарихи, мәдени және рухани құндылықтарды насихаттайтын аса маңызды әдеби шара болмақ.

Өтетін орны: Астана қаласы, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы, Мырзатай Жолдасбеков залы.
Өтетін уақыты: 11 сәуір 2025 жыл, сағат 14:00

Өзгелердің жаңалығы