Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін бұзғандарды қатаң жазалау ұсынылды

1 Ақпан 2024, 10:29
852
Бөлісу:
Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін бұзғандарды қатаң жазалау ұсынылды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл археологиялық ескерткіштерді сақтау мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тарихи-мәдени мұраларымыздың жойылуының мысалдары аз емес және олар жыл сайын көбейіп келеді. Қазақстанда археологиялық жұмыстарды жүргізуге лицензиясы бар 60-қа жақын компаниялар жұмыс істейді. Сонымен қатар олардың көпшілігі табылған жәдігерлерді жылдар бойы мұражайларға тапсырмай, еңбектерінің нәтижесі бойынша ғылыми есептер жарияламайды, - дейді депутат.

Сонымен қатар «Ұлттық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы халқының мәдени және рухани мұрасын жоғалту - біздің ұлттық қауіпсіздігімізге төнетін негізгі қатерлердің бірі.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау сияқты болашағымыз үшін маңызды қызмет саласын кәсіпкерлік Кодекстің қолданылу аясынан шығару, археологиялық және реставрациялық қызмет субъектілерін лицензиялау тәсілдерін өзгерту, тарихи-мәдени сараптама рәсімінде тәртіп орнату уақыты келді, - деп айтты Еркін Әбіл.

Депутат мынадай ұсыныстар жолдады:

  1. Мәдениет министрлігі жанынан тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобын құру, тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау және археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау туралы нормаларды қайта қарау;
  2. Сараптама жүргізуге құқығы бар ұйымдарға қойылатын талаптарды қатаңдатып және егер сапасыз сараптама салдары тарихи-мәдени ескерткіштің жойылуына әкелетін болса, қылмыстық жауапкершілікке дейін жауаптылықты белгілей отырып, тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларын толығымен қайта қарау;
  3. Бұзақылық әрекеттер, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін бұзу, лицензиясыз жұмыстар жүргізгені, тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы заңнаманы бұзу, тарихи-мәдени мұра заттарының заңсыз айналымы фактілері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды.
Өзгелердің жаңалығы