Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Айтыс үш күнге созылған «Тұғыры биік Тарбағатай» атты халықаралық спорт және өнер фестивалі аясында ұйымдастырылды. Елге белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеевтің демеушілігімен «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық жыр додасы осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.
Айтысқа Сырым Әуезхан, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Қанат Мырзахан, Дулат Шідерин, Нұрмат Мансұров, Аруна Керімбек, Аспанбек Шұғатаев, Моңғолиядан Айдос Рашат, Қырғызстаннан Ақжолтай Қанатбекұлы, Қытайдан келген Ерлан Аманқожаұлы сынды ақындар қатысып, бақ сынады.
Айтыс қорытындысында Ерлан Аманқожаұлы (ҚХР) бас жүлдені (2 млн теңге) жеңіп алды. Тараздық Қанат Мырзахан бірінші (1 млн теңге), батысқазақстандық Жансая Мусина екінші (700 мың теңге), алматылық Рүстем Қайыртайұлы үшінші (500 мың теңге) орынға ие болды. Жыл сайын табысталатын арнайы стипендия (2,4 млн теңге) биыл Аспанбек Шұғатаевқа берілді.
«Ақсуаттағы айтысқа алғаш келіп тұрмын. Осы айтыстың дүбірін бұрыннан естиміз, білеміз. Өзімнің айтысымда айтқандай «көзімді ашқалы дәл мұндай думан көрмеп едім» дегендей үлкен додаға келіп жырымызбен сусындатқанымызға өте бақытты сезінеміз», - деді Тараз қаласының айтыскер қызы Аруна Керімбек.