Тараздық нейрохирургтер 7 жасар баланы аман алып қалды

6 Қараша 2023, 22:07
600
Бөлісу:
Тараздық нейрохирургтер 7 жасар баланы аман алып қалды
Фото: Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 2016 жылы туған бала «Самай аймағының дермоидты кистасы, самай сүйегіндегі түзілістің тоқ ішекке инвазиясы» диагнозымен жатқызылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ата-анасының айтуы бойынша, соңғы екі айда олар ұлдарының басының сол жақ самай аймағында өзгерістерді байқаған. Яғни, бала басының жиі ауыратынын, тез шаршап, әлсірейтінін айтқан. Осы шағымдарды ескере отырып, олар өз бетінше бас миының компьютерлік томографиясын жасаған.

Тексеру нәтижелері бойынша КТ-да сол жақта самай аймағында дермоидты кистаның белгілері анықталған. Олар нейрохирургқа көріну үшін Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына барған. Тексеруден кейін мидағы ісіктердің өсуін болдырмау үшін жоспарлы түрде хирургиялық емдеу ұсынылған. Бала портал арқылы ауруханаға жатқызылып, шұғыл түрде оған хирургиялық араласу жасалады.

Операцияны Саят Жұмабаев, Мирдас Мұрадов және Мирсаид Байматов, сондай-ақ анестезиолог Бақтияр Баялиевтер барынша сәтті жасап шығып, барлық мүмкіндіктерді пайлаланады. Нейрохирургтер тобы соңғы үлгідегі PENTERA 900 микроскопының көмегімен сол жақ самай сүйегінің ісігін алып, ұзақ уақыт бойына пластикалық операция жасайды. Құрылғы көмегімен олар ісікті толығымен жойып, ақыры ота сәтті аяқталды.

Бүгінде кішкентай науқастың жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Мидың бақылау компьютерлік томографиясы оң динамикасын көрсетіп, сол жақта самай сүйегінде қалдық ісік табылмаған. Қазір бала нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Баланың ата-анасының дәрігерлерге алғысы шексіз.

Өзгелердің жаңалығы