Тараздағы мектепте жарылыс болды: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр

20 Қыркүйек 2023, 22:21
3829
Бөлісу:
Тараздағы мектепте жарылыс болды: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр
Фото: Артём Чурсинов

Таразда № 44 мектеп гимназиясында жарылыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Тараз қаласы Кенен Әзербаева көшесі 154 мекенжайында орналасқан №44 мектеп-гимназиясы ғимаратының 3-қабатында жарылыс болды. Аумағы 20 шаршы метр оқу бөлмесі жанған.

Алдын-ала мәліметтерге сәйкес, ғимараттың 3-қабатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан. Бөлмелерді бояу жұмыстарын жүргізу кезінде бояу мен еріткіш қосындысын араластырған сәтте өрт шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер өртті толығымен сөндірді, - дейді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Өрт салдарынан 6 жұмысшы түрлі дене жарақатын алған. Алты адамның төртеуі – әйел, екеуі – ер адам. Жарылыстан жан сауғалаған екі адам үшінші қабаттан секіріп кеткен.

Зардап шеккендер Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Сол күні зардап шеккен екі адам үйіне қайтарылды. Ал екі адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайлары ауыр. Тағы екі зардап шегуші түтіннен уланып, терапия бөлімінде ем алып жатыр, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жансақтау бөліміне түскен екі науқас 2001 және 2002 жылы туған. Екеуі де әйел адам.

Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 292-бабы 1-ші бөлігі "Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама жасалып жатыр.

Ал облыс басшысы зардап шеккен жұмысшыларға көмек көрсетілетінін айтып, уәде берді. Сондай-ақ қала әкімі зардап шегушілердің ата-аналарымен кездесіп, барлық медициналық, әлеуметтік көмектер көрсетіліп, жалақылары толық төленетінін және өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың барлық шығынын мердігер "Азамат құрылыс" ЖШС-і өз мойнына алатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы